Site icon Атамекен

Атаңнан қалған ас емес…

Арақ! Осы бір арам суды ішіп мастануды өзінше мақтан көретін жандар арамызда аз емес. Мына дамыған заманда арақтан аузы тиылар адамның саны əлі азаймай тұр. Əсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген жандар араққа əуес. Аты құрғыр ащы суды аз ішер ме екен деген мақсатта оның бағасы да сан рет көтерілді. Бірақ, баға көтерілгенімен маскүнемдердің саны кемитін түрі жоқ. Оларды былай қойғанда, той жасайтын кез келген қазақ ақ дастархан басына осы шайтанның суын қоймаса құдасы сыйламайтындай күй кешеді. Құдасы арақ қоймадың деп ренжиді деп ойлайды-ау, шамасы.

 Арақ-шарапсыз дəстүр-салтқа сай өтетін тойдың да саны саусақпен санарлық. Ақ дастархан басына қымыз бен шұбат сынды өзіміздің дəстүрлі сусындарымызды қойып той-жиын өткізсек, алкогольді ішімдіктерден мүлде бас тартсақ, қандай керемет болар еді. Алайда, бізде бəрі керісінше. Ұл-қызы үйленсе бірін-бірі «жужу»-дың астына алып, думандатып жүрген ел. Одан кейін тойы, шілдеханасы мен тұсаукесері, сүндет тойы мен тілашары – бəрі-бəрі арақсыз өтпейтін күйге жеттік. Бұл сусын ата-бабамыздан қалған ас емес еді. Оған неге сонша құнықтық екен?!

Арақтың халқымызға тигізген зияны көп. Ішіп алып көлік жүргізіп, жол ережесін бұзып, қаншама адам мерт болды. Арақтың кесірінен айрандай ұйып отырған талай шаңырақ ортасына опырылып түсті. Баласы өзінің ата-анасына қарсы шығып, ішімдік ішіп алып түрлі зорлық-зомбылық пен кісі өліміне душар ететін жайттар туралы теледидардан күнделікті көріп, естіп-біліп жатырмыз. Оны көрсе де көңілге түйіп жатқан кім бар? Керісінше, араққа күннен-күнге əуес болып бара жатқан сияқтымыз ба, қалай?

 Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін қорғаған кешегі ер бабаларымыз шайтанның суы былай тұрсын, доңыз жүріп өткен жерге астындағы атын жаймайтын текті еді ғой. Сол тектілігіміз бойға тараған арақтың уытымен бірге жоғалып бара жатқандай.

Жалпы, қазір араққұмар жандар көп деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Еліміз тəуелсіздігін алғаннан кейін тіліміз бен дінімізге, салт-дəстүрімізге қайта оралдық. Соның нəтижесінде жастардың бірқатары арақтан əжептəуір аулақтады. Десе де, маскүнемдікке салынғандардың қатары əлі азаймай отыр.

Дінімізде арақ ішу мен құмар ойынын ойнау сынды жаман əдеттерге жол жоқ екені көп айтылады. Мəселен, Құранның Мəида сүресінің 90-92 аяттарында Алла тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен.

Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында, шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар, əрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті анық жеткізу ғана», – деген екен.

Міне, бұл екі аятта Алла тағала арақты жоғары дəрежеде харам деп əмір етуде. Арақ, құмар ойыны, пұт жəне бал ашумен қатар бірге айтылған. Бұлардың барлығын ең лас нəрсе деп қайтаруда. Ең лас сөзі Құранда тек сорақылығы шектен шыққан жəне жамандығы жұртқа мəлім нəрсеге айтылған. Бұл аят бойынша арақ – шайтанның ісі. Ал, шайтанның ісі – бұзықтық пен харам. Аятта арақтан алшақ жүруді əмір еткен. Сондай-ақ, бұл кесірден алыс жүру адамды бақытқа жеткізетін жол. Сонымен қатар, əлеуметтік зияны ретінде туысқандық қарым-қатынастың «ат құйрығын кесіп» араласпай кетуге апарып соғатынан айтуда. Арақ ішетін жəне құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындайды. Ал, рухани залалы – пендені діни міндеттемелерінен тоқтатады деп түсінсек болады.

Түйіндеп айтсақ, қазақтың қымызқымыраны, шұбаты барда арақ пен шараптан, алкогольді ішімдіктерден біржола айықсақ, келер ұрпақ алдында жүзіміз жарық болары хақ. Арақ – атадан қалған ас емес! Ойланыңыздар!

Е.ЕРКІН.

Exit mobile version