Жамбыл ауданындағы Қастек ауылында тұрғындармен кездесу өтіп, елді мекендегі әлеуметтік және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі талқыланды.
Жүздесу барысында ауылдағы білім беру, медициналық көмек, мемлекеттік қызмет көрсету және интернет сапасына қатысты мәселелер көтерілді. Тұрғындар үшін күнделікті қажетті қызметтердің елді мекеннің өзінде немесе жақын маңда қолжетімді болуы ауыл өмірінің сапасын арттыратын маңызды факторлардың бірі екені айтылды.
Осы бағытта тірек ауылдарды айналасындағы шағын елді мекендер үшін білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету және экономикалық даму орталықтарына айналдыру ұсынылуда. Бұл ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауын азайтып, қажетті қызметтерді тұрғылықты жеріне барынша жақындатуға мүмкіндік береді.
Тұрғыны аз әрі шалғай орналасқан ауылдар үшін мобильді мемлекеттік сервистер мен цифрлық қызметтерді дамыту да маңызды. Ауыл тұрғындарының 97 пайызын интернетпен қамту қашықтан білім алуға, телемедицина қызметтерін пайдалануға және мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар тірек ауылдарда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жекелеген міндеттерін атқаратын пошта бөлімшелерін ашу ұсынылып отыр. Мұндай қызметтер құжат рәсімдеу және қажетті анықтамалар алу үшін аудан орталығына бару қажеттілігін азайтуға ықпал етеді.
Кездесу барысында Қастек ауылының тұрғындары әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты өз пікірлерін білдіріп, ауылды дамытуға байланысты ұсыныстарын ортаға салды.

