Жамбыл ауданындағы Үңгіртас ауылының тұрғындарымен кездесуде ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарына жеке кәсіп бастауға, шаруашылығын кеңейтуге және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беретін қолдау шаралары таныстырылды.
Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасының аясын кеңейту арқылы ауыл тұрғындарына жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие беру ұсынылып отыр. Бұл мүмкіндік кәсібін бастауға немесе бар шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған.
Ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыру үшін егін және мал шаруашылығымен қатар, өнімді қайта өңдеу, қолөнер, ауыл туризмі, қызмет көрсету салалары мен цифрлық жұмыс орындарын дамытуға да басымдық беру көзделген.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту арқылы жергілікті өнімді тікелей өткізуге, делдалдар санын азайтып, өндірушілер үшін тиімді жағдай қалыптастыруға мүмкіндік жасау қарастырылған.
Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отбасылық табыстың өсуіне ықпал етпек. Кездесуде тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылады.

