Site icon ATAMEKEN

АЩЫБҰЛАҚТА 3 МЫҢНАН АСТАМ АЛМА АҒАШЫН ӨСІРІП ОТЫРҒАН ШАРУАШЫЛЫҚҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ҚОЛҒАБЫС ЕТТІ

Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Гаухар» шаруа қожалығында алма жинау науқаны қызу жүріп жатыр. 3 250 түп алма ағашы өсетін баққа округ әкімдігінің қызметкерлері арнайы барып, шаруаларға волонтерлік негізде қолғабыс етті.

«Гаухар» шаруа қожалығы алма өсірумен 2014 жылдан бері айналысады. Қожалық басшысы Бахтияр Какишев осы уақыт ішінде жеміс шаруашылығын кезең-кезеңімен дамытып, бүгінде өнім беретін алма бағын қалыптастырған.

Шаруашылықтың жалпы аумағы – 8,7 гектар. Оның 5 гектарына алма ағаштары отырғызылған. Мұнда «Восход», «Ред Делишес» және «Голден Делишес» сорттары өсіріледі.

Алма бағында тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Бұл технология суды үнемдеп қана қоймай, ағаштарды қажетті ылғалмен тұрақты қамтамасыз етуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Күзгі жиын-терім кезінде жұмыс күші ерекше қажет. Сондықтан Ащыбұлақ ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері шаруашылық жұмысшыларымен бірге баққа шығып, піскен алманы жинауға атсалысты.

Мұндай бастама – ауылдағы еңбек адамдарына көрсетілген қарапайым әрі нақты қолдау. Бір жағынан, шаруалардың күнделікті еңбегіне құрмет болса, екінші жағынан, мемлекеттік қызметшілердің ауыл тынысымен етене араласып, ортақ іске үлес қосуының көрінісі.

Бүгінде Ащыбұлақ ауылдық округінде ауыл шаруашылығын дамыту, жергілікті шаруаларды қолдау және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Exit mobile version