Site icon ATAMEKEN

Ақ халатты абзал жандардың жаңа легі

Медицина саласындағы маман тапшылығын азайту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында аудандық көпбейінді орталық аурухананың кадрлық құрамы жаңа жас мамандармен толықты.
Ауруханаға жалпы саны 11 жас дәрігер жұмысқа қабылданды. Олардың қатарында 5 жалпы тәжірибелік дәрігер, 2 анестезиолог-реаниматолог, 1 хирург, 1 терапевт, 1 акушер-гинеколог және 1 оториноларинголог бар.
Жас мамандардың қызметке келуі – аудан тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Жаңадан келген дәрігерлермен арнайы кездесу ұйымдастырылып, мекеме басшысы олардың алдағы еңбек жолына қатысты бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
Кездесу барысында қызметтік әдеп пен кәсіби этиканың талаптары, медициналық қызметкердің жауапкершілігі, халықпен дұрыс әрі мәдениетті қарым-қатынас жасау мәселелері кеңінен сөз болды.
Мекеме басшысы жас мамандарға ең алдымен өз ісіне жауапкершілікпен қарау, кәсіби білімін үнемі жетілдіру және әрбір азаматқа құрметпен қызмет көрсету қажеттігін атап өтті.
Медицина қызметкері үшін кәсіби біліктілікпен қатар, адамға деген жанашырлық пен жауапкершіліктің маңызы зор. Себебі дәрігердің күнделікті еңбегі адамның денсаулығы мен өміріне тікелей байланысты.
Жас мамандарға еңбек ұжымына тез бейімделіп, тәжірибелі әріптестерден үйреніп, өз саласында білікті маман болуына тілектестік білдірілді.
Жас дәрігерлердің аудандық медицина саласына қосылуы кадрлық әлеуетті нығайтып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға да оң ықпал етпек.
Білікті жас маман – сапалы медицинаның және дені сау қоғамның маңызды тірегі.
Аудандық көпсалалы орталық аурухана директоры

Калиев Асқар Сәулебекұлы

Exit mobile version