Site icon ATAMEKEN

АӨК-ті қаржыландыру үш жылда жеті еседен астам өсті

Қол жеткізілген көрсеткіштер аграрлық секторды мемлекеттік қолдауды дәйекті түрде күшейтудің нәтижесі болып отыр.

Үш жыл ішінде АӨК қаржыландыру көлемі 2023 жылғы 140 млрд теңгеден 2025 жылы 1 трлн теңгеге дейін өсті.

Бұл ретте өндірістік циклдің алғашқы кезеңдерінде қаржы ресурстарына қолжетімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.  

Диқандар дала жұмыстарын алдын ала жоспарлауға және тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай мен техника сынды қажетті ресурстарды уақтылы сатып алуға мүмкіндік алды. Бұл егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге және қажетті технологиялық операциялардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда технологияны сақтау саланың өнімділігін арттырудың негізгі резервтерінің біріне айналуда.

Соңғы екі жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге, яғни 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Осы жылы көрсеткішті 2,3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бүгінде 2 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалды, оның 1,9 млн тоннасы немесе жылдық жоспардың 83%-ы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жөнелтілді.

Тұқым қорының сапасын арттыру бойынша жұмыстар да жалғасуда. Элиталық тұқымдарды пайдалану үлесі 2023 жылғы 7,1%-дан қазіргі уақытта 11,6%-ға дейін өсті.

Сонымен бір мезгілде саланы техникалық қайта жарақтандыру шаралары да жеделдетілуде.

Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 10 есеге артып, 2026 жылы 350 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері бағдарлама аясында 256,3 млрд теңге сомасына 6 790 өтінім қаржыландырылып, 7 718 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсетілді.

Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алды, ал машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 2024 жылғы 6%-дан 2025 жылы 6,5%-ға дейін өсті. Биыл бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Негізгі астық егетін өңірлерде жүргізілген талдау шаруашылықтардың технологиялық қамтамасыз етілу деңгейі мен түпкілікті өнімділік арасындағы тұрақты байланысты көрсетеді. Агротехнологияларды сақтау және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету неғұрлым жоғары болса, өндіріс тиімділігі соғұрлым жоғары болады.

Осыған байланысты саланы одан әрі дамыту әр гектардан алынатын өнімділікті арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және заманауи технологияларды жүйелі түрде енгізуге бағытталады.

Exit mobile version