Site icon ATAMEKEN

Байқаушының басты міндеті – заң талаптарын сақтау

Screenshot

Құрылтай сайлауының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуде байқаушылардың рөлі ерекше. Олар сайлау процесінің заң талаптарына сай өтуін бақылап, қоғамдық сенімді нығайтуға үлес қосады. Сонымен қатар байқаушыларға бірқатар міндеттер жүктелген.

Конституциялық заңға сәйкес, байқаушылар өздерінің жеке басын және өкілеттігін растайтын құжаттарды үнемі өзімен бірге алып жүруге тиіс. Олар сайлау процесіне, сондай-ақ сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешім қабылдау рәсіміне араласуына жол берілмейді.

Байқаушылар сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер жасамауға, ал сайлау учаскесінде учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының белгіленген тәртіпті сақтау жөніндегі заңды талаптарын орындауға міндетті.

Сондай-ақ байқаушылар өздерінің ескертулері мен пікірлерін тек құжатпен расталған, шынайы және тексеруге болатын фактілерге негіздеуі қажет. Олар Конституциялық заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға тиіс.

Заңнамаға сәйкес, байқаушылар бейтараптық қағидатын ұстанып, қандай да бір кандидатқа немесе саяси партияға артықшылық бермеуі қажет. Сонымен бірге фото, аудио және бейнежазба жүргізу әрі оны тарату барысында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды сақтауы міндетті.

Осылайша, байқаушылардың құқықтарымен қатар міндеттерінің де нақты айқындалуы сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды талаптардың бірі болып табылады.

Exit mobile version