Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырған болатын.Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде қолданыстағы қолдау шараларын біріктіретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді. Аталған жүйе шеңберінде 5 жастан асқан балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша, айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады. Сондай-ақ, «Ұлттық қор — балаларға» бастамасы аясында қаражат жинақталатып, барлығы 11 миллионнан астам ақша көлемін жинауға әр балада мүмкіндік бар.