«Тәрбие – тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Ал сол бесіктен түлеп ұшқан ұрпақтың қауіпсіздігі, тәрбиесі мен жарқын болашағы – отбасы мен мектепке ғана емес, тұтас қоғамға ортақ аманат. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан оның бойына білім мен ізгілік дәнін егіп, қауіпсіз орта қалыптастыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жауапкершілік пен адалдыққа тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет.
Осы бағытта Жамбыл ауданындағы білім беру ұйымдарында жүйелі әрі мазмұнды тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы 63 мектепте 40 мыңға жуық оқушы білім алып, олардың сапалы білім алуымен қатар, қауіпсіздігіне, рухани-адамгершілік тәрбиесіне, құқықтық мәдениетіне, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға ерекше мән берілуде. Мектептерде бала тәрбиесіне қатысты жұмыстар бір күндік науқанмен шектелмей, жыл бойы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Соның бір айқын көрінісі – білім беру ұйымдарында өткен «Ата-ана, мектеп және бала: қауіпсіздік үшін бірге» тақырыбындағы мектепішілік ата-аналар жиналыстары. Бұл басқосулардың негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру және мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Себебі «Бала тәрбиесі – бесіктен» басталғанымен, оның азамат болып қалыптасуы отбасы, мектеп және қоғамның өзара ықпалдастығы арқылы жүзеге асады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал еңбек» қағидаттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының маңызды бағыттарына айналып отыр. Бұл құндылықтардың әрқайсысы бала тәрбиесімен тікелей сабақтас. Заңды құрметтеу – құқықтық мәдениетті қалыптастырса, тазалық пен ұқыптылық – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырады. Ал адал еңбек – баланы маңдай термен жеткен жетістікті бағалауға, табандылық пен жауапкершілікке үйретеді.
Ата-аналар жиналыстарында бала қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер кеңінен қозғалды. Кездесулерге полиция, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, ішкі саясат және қаржылық қауіпсіздік салаларының өкілдері қатысып, ата-аналарға маңызды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балалардың қоғамдық орындардағы қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау, цифрлық ортадағы мінез-құлық, интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтану, психологиялық әл-ауқат, құқықтық мәдениет және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу мәселелері талқыланды. Мұндай кездесулер ата-ананың бала өміріне немқұрайлы қарамай, оның әр қадамына жауапкершілікпен қарауының маңызын тағы бір мәрте айқындай түседі.
Бүгінгі таңда бала қауіпсіздігі ұғымы мектеп қабырғасымен ғана шектелмейді. Бала үйде де, көшеде де, қоғамдық орында да, виртуалды кеңістікте де қауіпсіз болуы тиіс. Осы ретте ата-ананың баламен ашық сөйлесуі, оның қызығушылығын, достық ортасын, көңіл күйін, интернетті пайдалану мәдениетін бақылауы аса маңызды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы ата-ананың жеке үлгісінің бала тәрбиесіндегі орнын дәл көрсетеді. Балаға жауапкершілікті үйретудің ең тиімді жолы – оны сөзбен ғана түсіндіру емес, өз ісіңмен көрсету.
Тәрбие жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Өйткені бос уақыттың қалай өткені баланың тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер етеді. «Баланы жастан» деген халқымыз жас ұрпақты пайдалы іске ерте баулудың маңызын жақсы түсінген. Сондықтан аудан мектептерінде оқушыларды спорттық секцияларға, шығармашылық және пәндік үйірмелерге, өнер мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бағыттарға тартуға басымдық берілуде. Үйірмеге қатысқан бала уақытын тиімді пайдаланумен қатар, өз қабілетін танып, жаңа орта қалыптастырып, тәртіпке, еңбекке және ізденіске үйренеді. Спортпен айналысқан оқушы төзімділік пен тәртіпті меңгерсе, өнерге қызыққан бала сұлулықты сезінуге, шығармашылықпен ойлауға бейімделеді. Демек, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – оның болашағына жасалған маңызды қадам.
Бұл ретте мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы ерекше мәнге ие. Мектеп баланың білім алуына, тәрбиесіне, қабілетін дамытуға жағдай жасаса, ата-ана сол жұмыстың үйдегі жалғасын қамтамасыз етеді. Екі тараптың талаптары мен тәрбиелік ұстанымдары үйлескен жағдайда ғана балаға қойылатын талап бірізді болады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей, бала тәрбиесінде де ортақ мақсат пен өзара сенім қажет.
Ата-ананың жауапкершілігі тек баланың сабақ үлгерімін қадағалаумен шектелмейді. Оның кіммен араласатыны, бос уақытын қалай өткізетіні, қандай ортада жүргені, қандай ақпараттарды қабылдайтыны, көңіл күйінде қандай өзгерістер бар екені де ата-ананың назарында болуы тиіс. Балаға уақыт бөлу – оның болашағына көңіл бөлу. Ал ата-ананың бір ауыз жылы сөзі кейде баланың өзіне деген сенімін арттырып, дұрыс шешім қабылдауына жол ашады.
Жамбыл ауданындағы 63 білім беру ұйымында атқарылып жатқан тәрбие жұмыстарының түпкі мақсаты да – осындай жауапты, білімді, еңбекқор, заңды құрметтейтін, елін сүйетін, адамгершілігі мол ұрпақ қалыптастыру. Қырық мыңға жуық оқушының әрқайсысы – ел болашағының бір бөлшегі. Сондықтан әр баланың қауіпсіздігіне жасалған қамқорлық – тұтас қоғамның ертеңіне жасалған қамқорлық.
Бүгінгі қоғамға тек білімді бала емес, қауіпсіз ортада тәрбиеленген, өз құқығы мен міндетін білетін, еңбекке адал, елжанды азамат қажет. Ал мұндай азаматтың қалыптасуы мектеп пен отбасының өзара түсіністігі мен бірлескен еңбегінен басталады.
Сондықтан бала тәрбиесін бір-бірімізге ысырып қоймай, ортақ жауапкершілікпен атқаруымыз қажет. Өйткені бала қауіпсіз болса – отбасы тыныш, отбасы берік болса – қоғам тұрақты. Ұрпақ тәрбиесі – уақытша міндет емес, ұлт алдындағы мәңгілік парыз. Ал сол парызды абыроймен атқару – бүгінгі буынның ең үлкен жауапкершілігі.
Балаға жасалған қамқорлық – елдің ертеңіне жасалған инвестиция. Қауіпсіз бала – бақытты бала, ал бақытты бала – жарқын болашақтың кепілі.
Жамбыл ауданы білім бөлімінің тәрбие әдіскері
Кистаубаева Эльмира Турсунбаевна
