Алматы облысында Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасағандардың қатарында Қазақстан Республикасының «Құрметті жаттықтырушысы», «Алматы облысының және Райымбек ауданының Құрметті азаматы», Райымбек ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Бекболат Бірбаев та бар. Қоғамдық және спорттық шараларға ұзақ жылдар бойы белсене араласып жүрген ақсақал аудандағы №763 сайлау учаскесінде дауыс берді.
*«Сайлау – әр азаматтың ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдіретін маңызды сәт. Жаттықтырушы ретінде мен үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды. Осы жылдар ішінде талай жасты тәрбиелеп, олардың спорттық дамуына ғана емес, қоғамдық өмірге белсенді араласуына да көңіл бөлдім. Осындай құндылықтарды бала кезден бойына сіңіру қажет»,* – деді Бекболат Бірбаев.
Бекболат Бірбаевтың бұл ұстанымы азаматтық жауапкершіліктің күнделікті қызметпен ғана шектелмей, ел өміріне белсенді араласудан да көрінетінін аңғартады.
Айта кетейік, бүгін елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Алматы облысында 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Өңірде бір миллионнан астам тұрғынның дауыс беру құқығы бар.
*Алматы облысының ӨКҚ*

