Понедельник, 18 августа, 2025
Басты бетЖаңалықтарБОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАР ТƏРБИЕЛЕЙТIН ОРТА

БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАР ТƏРБИЕЛЕЙТIН ОРТА

Халқымызда «Шынықсаң – шымыр боласың. Спорт – салауатты өмір салты» деген қағида бар. Қазіргі таңда аудан мен облыста спорт секцияларына бұрынғыдан да көп көңіл бөліне бастады. Өйткені спорт әрдайым шымырлар мектебі саналады. Сәл шегініс жасасақ, 2013 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 6 сәуір ресми түрде спорт күні ретінде аталды. Бұл бастаманы алғаш қолдаған елдердің арасында Қазақстан да бар. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ал Қазақстанда тамыз айының әр үшінші жексенбісінде спорт күні аталып өтіп келеді. Еліміз бұл мерекені 1998 жылдан бері атап өтуде. Бұл – Қазақстанда мемлекет тарапынан кең қолдау тапқан спортқа деген шынайы құрмет-қошемет деуге негіз бар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін жиі айтып келеді. Әр облыста, аудан орталықтарында түрлі спорт секцияларын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды.

Елімізде спорт пен дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатындар саны бүгінде 6 миллионға жеткен. Бұл айтулы мереке – өмірін спортпен байланыстыратын спортшылар, жаттықтырушылар, балалар мен жасөспірімдер үшін ерекше күннің бірі. Жамбыл ауданында жасөспірімдердің тұрақты түрде спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған. Түрлі секциялар жұмыс істейді. Мұнда жасөспірімдер футбол, волейбол, баскетбол, күреспен қатар бокс, таэквондо, жүзу және басқа да спорт түрлерімен айналыса алады. Балалар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Кең де жарық, жайлы жаттығу залдары заман талабына сай құрал-жабдықпен жарақтандырылған. «Ерінбей жаттық!» деген ұранмен нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Соның бірі – Қарақыстақ ауылындағы «Жамбыл ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ. Бұл – балалар мен жасөспірімдерге арналған жай ғана спорт үйірмесі емес, мінез, ерік-жігер шыңдайтын орта. Бұл спорт мектебінде спорттың 9 түрі бойынша – бокс, қазақ күресі, еркін және грек-рим күресі, футбол, волейбол, баскетбол, таэквондо, дзюдо секциялары тұрақты жұмыс істейді. Мектепте тәжірибесі мол 34 жаттықтырушы бар. Олардың қатарында Б.Қайрылбаев, А.Алиев, Қ.Абдраймов сынды іскер мамандар бар.

Барлық жаттықтырушылар балалардың шеберлігін шыңдап, олардың спорттық әлеуетін дамытып, биік жетістіктерге жетіп, жүлдегер атануларына барынша жағдай жасап, аянбай еңбектеніп келеді. Жаттығулар арнайы жабдықталған залдарда және алаңдарда өтеді. Барлық секциялар тегін және 6 жастан 20 жасқа дейінгі балаларға қолжетімді.

Жамбыл ауданының №2 БЖСМ тәрбиеленушілері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың тұрақты қатысушылары әрі жүлдегерлері. Көптеген түлектер спорттағы жолын кәсіби деңгейде жалғастырып, Қазақстан және шетелдердің ұлттық құрамасында өнер көрсетіп жүр. Мектептің басты мақсаты – тек чемпиондар дайындау ғана емес, сонымен қатар шымыр, тәртіпті, мақсатшыл тұлға қалыптастыру. Спорт әрбір баланы қарсыласқа құрметпен қарауға, жауапкершілікке және командада жұмыс істеуге тәрбиелейді.

Жамбыл ауданының №2 БЖСМ – сыйлас достар табатын, өзін-өзіне сенімді болуға және салауатты өмір салтын ұстануға үйрететін спорттық орта. Келем деуші барлық балаларға есік ашық, жаттықтырушылардың қызметі дайын. Осындағы спорт секцияларына балаларды қабылдау жалғасуда. Барлық ниет білдіруші балаларды дамытып, шеберліктерін шыңдап, спортшы болуға шақырамыз. Бәлкім, алдағы уақытта нағыз чемпиондар осы ауылдан, осы спорт мектебінен шығар деген үміттеміз. Ізденіп, талпынған жастар әлі талай биік белесті бағындырады.

«Мерекеде барлық ұжымдағы басшымыз бен жаттықтырушыларды шын жүректен құттықтап, олардың алдағы жауапты қызметтеріне тек жеңісті күндер тілеймін. Елдің көк туын желбірететін спортшы жастарымыз көп болсын», – деді Жамбыл ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Айтолла Жұлдыз. Біз де аталған спорт мектебінің ұжымына сәттілік пен жетістік тілейміз.

FFJ (Football For Juniors) футбол мектебі Ұзынағаш ауылында 2021 жылдың ақпан айында ашылған. Бұл – Жамбыл ауданы бойынша алғашқы жеке футбол мектебі. Мұнда балалар 5 жастан бастап қабылданып, футбол бойынша дайындалады, түрлі жарыстарға қатысып, өз шеберліктерін шыңдайды. Спорт мектебінің директоры Қалығұл Гүлжан Қонысбекқызы өзі бастап жасөспірімдерді ірі жарыстарға шығарып, жүлделі орындардан көрінуде. Балғын футболшылар 2021 жылдан бері республикалық деңгейде топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Бұл ұжым «Футбол – тек спорт емес, ол – бірлік, ол – бір отбасы» деген ұранды ұстанады. Мұндағы білікті жаттықтырушылар – Хабаржанов Серікбол мен Мақан Думан – жас футболшыларды облыстық, республикалық жарыстарға шығарып, жүлдегер атандырып жүр.

Жақында футболдан әуесқой командалар арасында Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпаз чемпионы Темірлан Арзымбетовті еске алуға арналған, 2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті. Бұл жарысқа 8 команда қатысып, жасыл алаңда шеберліктерін көрсетті. Жас өрендер жеңіс үшін маңдай терін төкті. Жарыс қорытындысында Алматы облысы Жамбыл ауданының FFJ футбол командасы 3-орынға ие болып, арнайы кубок пен қола медальға қол жеткізді. Ойыншылар – Шаяхмет Мейіржан, Апшерханұлы Ислам, Хамит Ислам, Тоқа Қайсар, Махамбет Жолдасбек және Шүйтбай Ерасыл көрермен көзайымына айналды. Ал жекелей марапат бойынша Нұрсұлтан Жігер «Үздік қорғаушы» атанды. Бұл – спорт мектебінің келешегі зор жеңісті күндерінің бастамасы. Спорт күні мерекесімен директоры Гүлжан Қонысбекқызы бастаған FFJ футбол мектебінің ұжымын құттықтап, жеңісті күндер тілейміз.

Тұрсынжан Асқарұлы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments