Мемлекет басшысы Республика күніне орай Ақордада өткен жиында ғылымы және техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты.
“Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық.
Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді.
Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Білім-ғылымның сапасын жақсартуға қатысты басқа да шаралар қолға алынды.
Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді Президент.