Бүгін Тəуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығы. Бұл дегеніңіз бір кездері ата-бабаларымыз армандаған абыройлы белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақаласында: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мықты, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау жəне елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тəрбиелеу» деген еді.
Анығын айтқанда, ХХІ ғасыр білім мен өнердің дəуірі екені ақиқат. Соған сай білім мен жаңа технология еліміздің қарыштап дамуының басым бағыты болып отыр. Қазіргі таңда талабы таудай талантты жастар өсіп жетілуде. Олар əлемінің кез келген еліне еркін барып білім алуы үшін мемлекет тарапынан бірқатар мүмкіндіктер қарастырылған.
Жастардың келешегі кемел, болашағы бақытты болатыны кəміл. Азаттықтың ақ таңы атқан жылдары дүниеге келген, əлі де танылып үлгермеген талапты жастарды қолдау мақсатында «Тəуелсіздік ұрпақтары» атты гранттың тағайындалатыны да жоғарыда аталған Президент мақаласында көрініс тапты. Ел жастары үшін бұл гранттың алатын орны тіпті бөлек.
Ал, біз сияқты ауылдағы ұстаздардың тұрмыс-тіршілігіне де мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуда. Мұғалімдердің жалақысы өсті. Білім саласында қызмет етіп жүрген біздерге қолайлы жағдайлар жасалуда. Соған орай қатардағы мұғалімдерге де аса жауапты міндеттер жүктелуде. Енді білімнің сапасына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Жалын жігерлі жастардың заман талабына сай өнер біліммен терең сусындап, алаңсыз өсуіне мол мүмкіндік қарастырылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қатардағы ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығая түскенін атап айту керек. Мəселен, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай замани игіліктерді кеңінен пайдалануға жол ашылды жəне оның жетістіктерін күнделікті тұрмыста ауыл шəкірттері де көзбен көріп жүр.
Дегерестегі Оспанхан Əубəкіров атындағы орта мектеп пен Бұлақ бастауыш мектебінің мұғалімдері өскелең жастарға терең білім мен тəлімді тəрбие беру жолында тың ізденістерге ұмтылуда. Олар тəуелсіз елдің ертеңгі болашағы бүгінгі оқушылардың білімі арқылы баянды болатынын жақсы түсінеді. Ендеше, ұстаздар еңбегі жана берсін, олардың тынымсыз ізденіспен атқарып жүрген қажырлы еңбегінің нəтижесін шəкірттер жетістігі арқылы көрейік. Мерейлі мерекеміз құтты болсын.
Динара ƏЛІБЕКОВА, О.Əубəкіров атындағы орта мектеп Бұлақ бастауыш мектебімен КММ-нің физика пəні мұғалімі.