Site icon ATAMEKEN

БІРІНШІ БАКУ ТҮРКОЛОГИЯ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

Өту мерзімі:      22 мамыр 2026 жыл, сағат 16:30

Өту орны:          Н.Дәулетова атындағы зал,

                            Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы

                           (Абай даңғылы, 14, Алматы қаласы, Қазақстан Руспубликасы)

 

Жоба ұйымдастырушылары:

Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры,

Қазақстан Респуьликасының Ұлттық кітапханасы

 

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры (бұдан әрі – Қор) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасымен бірлесе 2026 жылғы 22 мамыр күні сағат 16:30-да Ұлттық кітапхананың Назира Дәулетова атындағы залында ХХ ғасыр басындағы түркі дүниесінің рухани-мәдени өміріндегі ең ірі әрі тағдыршешті тарихи оқиғалардың бірі саналатын «Бірінші Баку түркология Құрылтайының 100 жылдығына» арналып, Қор тарапынан жарық көрген іргелі ғылыми еңбектердің тұсаукесер рәсімін өткізеді.

Түркі әлемінің белгілі ғалымдары мен халықаралық және отандық ұйымдардың өкілдерін біріктірген бұл іс-шара аясында түркі дүниесінің ортақ тарихи жадын, ғылыми сабақтастығын және рухани тұтастығын айшықтайтын екі маңызды еңбек көпшілік назарына ұсынылады.

Алғашқысы – Әзербайжандағы Ататүрік орталығының директоры, академик, профессор, филология ғылымдарының докторы Низами Джафаров, белгілі ғалымдар Махира Гусейнова мен Айсель Гариблидің авторлығымен жарық көрген «Бірінші түркологиялық Құрылтай» атты ғылыми еңбек. Кітапта 1926 жылы Баку қаласында өткен Құрылтайдың тарихи миссиясы мен түркі халықтарының мәдени-ғылыми дамуындағы айрықша орны жан-жақты сараланып, этнография, орфография, терминология, әліпби, тіл, әдебиет, мәдени мұра және өлкетану мәселелері терең ғылыми талдау нысанына айналған.

Сонымен қатар Қордың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесе әзірлеген «1926/2026: Бірінші Баку түркология Құрылтайының 100 жылдығы» атты бейнедеректер шежіресі де таныстырылады. Әзербайжанның Ұлттық тарих музейі мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларында сақталған тарихи құжаттар негізінде дайындалған бұл жинаққа ресми хаттамалар, сирек фотоқұжаттар, ғылыми пікірлер мен баяндамалар енген. Онда Құрылтай барысында түркі халықтарының

 

тарихын зерттеу, тіл білімін дамыту, ғылыми терминологияны жүйелеу, жаңа әліпби мен орфография, материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелерін біріздендіру бағытында көтерілген өзекті мәселелер кеңінен көрініс тапқан. Бұл – түркология ғылымының институционалдық қалыптасу кезеңін бейнелейтін құнды тарихи мұра.

Ұсынылып отырған еңбектер 1926 жылғы Құрылтайдың тек ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, күллі түркі халықтарының ортақ мәдени болашағын айқындауға бағытталған зияткерлік серпілістің, рухани жаңғырудың және өркениеттік бірлікке ұмтылыстың символы болғанын терең танытады.

Құрылтай жұмысына қатысқан 130 делегаттың қатарында қазақ халқының көрнекті зиялылары – Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев сынды біртуар тұлғалар болды. Олар күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылауға белсене қатысып, түркология ғылымының болашақ даму бағытын айқындауға өлшеусіз үлес қосты. Олардың ғылыми мұрасы кейінгі кезеңдегі қазақ тіл білімінің дамуына, әдебиеттану ғылымының өркендеуіне, білім беру мен әдістемелік реформалардың қалыптасуына берік негіз болды. Ұлт руханиятының өркендеуіне қызмет еткен бұл баға жетпес мұра бүгінде Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Түркі әлемінің ғылымы мен мәдениеті үшін ортақ қазына ретінде бағаланады.

«Түркі мәдениеті және мұрасы» қоры 2025 жылғы 6-7 қазан күндері Габала қаласында өткен Түркі Мемлекеттері Ұйымы Мемлекет басшыларының XII Саммитінде Бірінші Бүкілодақтық Түркітану Съезінің 100 жылдық мерейтойын 2026 жыл ағымында бауырлас түркі мемлекеттерінде кең көлемде атап өту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Әзербайжанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Түркияда және басқа да мемлекеттерде бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Солардың қатарында Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ, Түрік тілі қоғамдастығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Баку мемлекеттік университетімен бірлесе 2026 жылғы 21-22 мамыр күндері Алматы қаласында «Бірінші Баку түркология Құрылтайының мұрасы және ХХІ ғасырдағы Түркі әлемі» атты халықаралық түркология конференциясын өткізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Орталық ұлттық музейінде «1926/2026: Бірінші Баку түркология Құрылтайының 100 жылдығы» тақырыптық экспозициясын ашады.

Байланыс ақпараттары:

 

+7 705 802 20 58 (Серік Нұрмолда, Түркі мəдениеті жəне мұрасы қорының өкілі)

+7 700 573 30 11 (Құралай Мұратқызы, PR-менеджер)
____________________ (Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы өкілі)

Exit mobile version