Site icon ATAMEKEN

Бүгін Президентіміздің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тыңдадық.

Мемлекет басшысы еліміздің жаңа мүмкіндіктерін саралай отырып, алдағы дамуымызға қатысты өте маңызды мәселелерді көтерді.

Біз енді ауылды жерде тұрған соң, әсіресе өңірлердің дамуына, ауыл халқының тұрмысын жақсартуға қатысты бастамаларға ерекше қуанамыз.

Соның бірі – Президент айтқан «Халықтық құрылыс» бастамасы.
Келесі жылды жалпыхалықтық құрылыс жылы деп белгіледі. Меніңше, бұл қарапайым халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыт.

Шынында да, елдің дамуы ең алдымен әр ауылдағы жақсы өзгерістерден көрінуі керек. Жаңа мектептің салынуы, жолдың жөнделуі, мәдениет үйінің ашылуы, тұрғындардың газбен, таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі – мұның бәрі халықтың тұрмысын жақсартатын нақты істер.

Шүкір, соңғы жылдары өзіміздің Жамбыл ауданында да құрылыс қарқын алып, көптеген жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Әлеуметтік нысандар жаңарып, ауылдардың келбеті өзгеруде. Әрине, әлі де шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстарды да көріп, қуанып отырамыз.

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – көлік-логистика саласын дамыту.

Бұл бағыттың біздің Жамбыл ауданы үшін маңызы ерекше. Өйткені ауданымыздың географиялық орналасуының өзі үлкен мүмкіндік. Еуропа мен Қытайды жалғайтын халықаралық автокөлік дәлізі де, теміржол желілері де біздің аудан аумағы арқылы өтеді.

Оның үстіне ауданымызда ірі индустриялық аймақтардың қалыптасып келе жатқаны көңіл қуантады. Болашақта осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға толық негіз бар.

Бәлкім, бүгін біз жай ғана жол бойындағы ауыл деп қарайтын елді мекендер ертең ірі өндіріс пен логистиканың орталығына айналар. Кім білсін?! Ең бастысы, соған ұмтылыс бар, мүмкіндік бар.

Жалпы, бүгінгі Жолдауды тыңдай отырып, тағы бір нәрсеге ой жүгірттім.

Шүкір, әлемдегі күрделі саяси жағдайды, түрлі елдерде болып жатқан қақтығыстар мен тұрақсыздықты көріп отырмыз. Осындай алмағайып кезеңде ел ішіндегі тыныштықты, қоғамдағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтау да оңай шаруа емес.

Бейбіт өмірдің қадірін осындайда тереңірек түсінесің. Ел тыныш болса, құрылыс та жүреді, өндіріс те дамиды, халық та ертеңіне сеніммен қарайды.

Біздің тілегіміз де, мақсатымыз да бір. Еліміз өркендеп, ауылдарымыз көркейіп, халқымыздың тұрмысы жақсара берсін!

Ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын! Берекеміз артып, бірлігіміз бекем болғай!

Б.Айталы

Exit mobile version