Пятница, 19 апреля, 2024
Басты бетТәуелсіздікке 30 жылБұл да тəуелсіздіктің бір сыйы

Бұл да тəуелсіздіктің бір сыйы

Қазақ елі биыл ең қастерлі күннің бірі – Тəуесіздік мерекесінің отыз жылдық мерейін зор салтанатпен атап өтеді. Жыл бойы тəуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты түрлі іс-шаралар жалғасын табуда. Дегенмен оның өз деңгейінде өтуіне елдегі бүгінгі ахуалдың əсер етіп жатқаны да жасырын емес.

Тəуелсіздік туралы айтқанда, қызыл сөзді сапырып, əрлеп, əсірелей сөйлегенді жақсы көреміз. Ал тəуелсіздік қазаққа не берді дегенде, күмілжитініміз рас. Кімнің қалай ой толғағаны емес, зайырлы мемлекетте кімнің қалай өмір сүріп жатқаны маңыздырақ болып тұрған уақытта өзіңді тəуелсіз елдің азаматы ретінде сезіну кеудеңе мақтаныш ұялатуы тиіс еді. Ешкімге жаутаңдамай, қыраны қалықтаған өз байрағыңның астында өз əнұраныңды шырқап тұрғанға не жетеді. Алайда, отыз жылдың ішінде өз тілінде отыз сөз айта алмайтын кейбір өзін зиялымын дегендерге қарап, көңілдің құлазиды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Əуезов айтқандай, ең алдымен бесіктегі балаға алаңдайтын ұлт жанашырлары бүгінде саусақпен санарлық деуге де негіз жоқ емес.

Дегенмен, отыз жылда қол жеткен жетістіктерімізді аз деп айтуға болмас. Бүтін бір ұлт ретінде өз мемлекеттілігімізді күллі əлемге таныттық. Жоғалудың аз алдында қалған салт-дəстүр, əдет-ғұрпымызды сақтап қалдық. Жыл басы – əз-Наурыз ұлттық мерекекесін қайта жандандырдық. Тағы да сол сияқты өшудің алдында тұрған талай ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырттық. Бір сөзбен айтқанда, еңсемізді тіктеп, еркін ел атандық. Мұның барлығы тəуелсіздіктің арқасы десек, артық айтқандық емес. Бұл жолда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мен ерен еңбегін əлбетте ұмытуға болмайды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз əсте тегін айтылмаса керек.

Осы жылдар ішінде тəуелсіздіктің қадіріне жете алдық па, деген ой келеді. Бодан ел болу дегенді естігені болмаса, одан мүлде бейхабар ұрпақ тəуелсіздік жастары үшін бүгінгі орын алып жатқан жағдайлардың барлығы да қалыпты болып көрінетіні белгілі. Сол жастардың бойында Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік, яғни патриоттық сезім, ұлттық намыс бар ма, деген сауал туындайды. Өйткені, қазіргі жастар салыстырмалы түрде өмірге əлдеқайда терең бойлағанды ұнатады. Сол себепті де оларды дамыған елдердегі мəдениет, менталитет ерекше қызықтырады дейді мамандар. Бұл бұрыннан да бар. Қазіргі таңда қалай десек те, жастар арасында замани жаңа көзқарас қалыптасқаны анық. Ол тəуелсіз елдің азаматымын деп кеуде қағу емес, керісінше, тəуелсіз елдің азаматы ретіндегі ұмтылыс. Олай болса, бұл да тəуелсіздіктің берген сыйы деген жөн.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Мен жастарға сенемін» деп, Мағжан жырлаған жастар ел болашағы, ұрпақ жалғастығы. Ел келешегі солардың қолында екені ақиқат. Олар ата-бабалар армандаған тəуелсіздікті қастерлейді деген үміт мол.

Роза СЕЙІЛХАН.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments