Среда, 24 апреля, 2024
Басты бетТәуелсіздікке 30 жылБәрі де болашақ ұрпақ үшін

Бәрі де болашақ ұрпақ үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мазмұнды мақаласын жариялады. Иə, биыл ең басты құндылығымыз – Тəуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Сондықтан бұл мақаланың жаңа жыл басында жарық көргені біздің осы бағыттағы барлық бастамаларымызға айқын бағыт болды. Өйткені, мақала мазмұнында бүгіннен бастап мəн беруге тиісті ең бір көкейтесті мəселелер бар.

Аталған мақала ауқымды төрт бөлімнен тұрады. «Бағдар мен белес» деп аталатын алғашқы бөлімінде тəуелсіздіктің мерейлі мерзімін үш онжылдық белеске бөліп қарастырады. Алғашқы онжылдықты Қазақстанның іргетасын қалау, екінші онжылдықты қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі деп атаса, үшінші онжылдықта еліміздің өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналғаны баяндалады.

Мемлекет басшысы алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі жəне кемел халық болу екенін айта келіп, осы жолда заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударады. Сонымен қатар қазіргі пандемия жағдайында түрлі қатерлермен бірге əлемде жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келе жатқанына алаңдайды. Сондықтан жаһандану кезінде əсіресе, жас ұрпақты кез келген ақпаратқа, дүрмекке бейсаналы түрде ілесіп кетпеуге шақырады.

«Таным мен тағылым» деп аталатын екінші бөлімінде халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға бағытталған ойтұжырымдарымен бөліседі. Ұлттық мүддемізге сай келетін тарихымыз жазылатын уақыт келгендігін, ол ұрпақтың санасын оятып, ұлт жадын жаңғыртуға мүмкіндік беретінін бағамдайды Мақаланың «Қоғам мен құндылық» деп аталатын үшінші бөлімінде ҚасымЖомарт Кемелұлы егемендігіміздің мəңгілік үштағанына баланған байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді, береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға үндейді.

«Ұлағат пен ұстаным» атты соңғы бөлімінде саяси жаңғыру мəселесіне кеңінен тоқтала келіп, елімізде адамның құқығын сақтауға негізделген заң мен тəртіп болу керектігін баса айтады. «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау жəне елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тəрбиелеу», – дейді.

Ол үшін ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дəуірі екендігін, əр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кəсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бəсекелік қабілетін арттыра алатынына ерекше мəн береді. «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші», – деп өскелең ұрпаққа сенім артады.

 Сондықтан егемендік жылдарында дүниеге келіп, əлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тəуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды, «Тəуелсіздік бəрінен қымбат!» деген қасиетті сөзді мəңгі ұранға айналдыруды ұсынады.

Біз де өз кезегімізде Мемлекет басшысының осынау маңызды мақаласын басшылыққа ала отырып жас ұрпаққа білім мен тəрбие беруде алдағы жұмысымызға бағдар етеміз, жаңаша тың серпінде ізденістерді жалғастыра береміз деп ойлаймын.

Қаламқас ЖАҚЫПБЕКОВА,

С.Бердіқұлов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments