ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен газбен жабдықтау және газ тарату жүйелеріне қызмет көрсету саласында жаңа талаптар күшіне енді. Құжат 24 қыркүйекте ресми тіркеліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды өзгерістерді қамтыды. Бұл туралы Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ТЖМ Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Арман Сагимбетов айтты.
Аталған өзгерістер, ең алдымен, осы салада жұмыс істейтін ұйымдардың жауапкершілігін күшейтіп, қызмет сапасын жақсартуға арналған. Жаңа ережелер бойынша екі негізгі бағытқа бөлек талаптар енгізілген.
Жаңа талаптарға сәйкес, газбен жабдықтау ұйымдарда кемінде 2 жоғары білімді, 3 жыл тәжірибесі бар маман болуы тиіс. Сонымен қатар 5 техникалық мамандықты игерген маман иелерін жұмыспен қамту міндеттелген. Барлық қызметкерлер өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқытудан өтуі керек.
Спикердің айтуынша, ұйымдарда міндетті түрде өндірістік база яғни, цех, шеберхана, құрал-жабдықтар , технологиялық регламенттер мен қауіпсіздік нұсқаулықтары және бақылау-өлшеу құралдары, зертхана , өндірістік бақылау қызметі мен авариялық-диспетчерлік қызмет жүйесі болуы тиіс.
«Кәсіпкерлер үшін аттестаттың жаңа қасымша түрін алу маңызды. Бұл талап газ тарату және сұйытылған газ объектілеріне қызмет көрсететін барлық ұйымдарға қатысты»,-дейді Арман Сагимбетов .
Жаңа талаптарды енгізудегі мақсат, өндірістік орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ ұйымдардық техникалық базасын жаңарту және өрт қауіпсіздігі бақылауын күшейту.

