Жалпыұлттық референдум күні Жамбыл ауданының тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға белсене қатысты. Солардың қатарында Ұзынағаш ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Емельянович Ковалев те бар. Қарт майдангер бүгін өз үйінде дауыс беріп, ел тағдырына қатысты таңдауын жасады.
Федор Емельянович 1927 жылы 11 қарашада Могилев облысының Орловка ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, ел өміріндегі қиын кезеңдерді бастан өткерген ол 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери дайындықтан өтеді.
1945 жылы Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы соғысқа қатысып, майдан даласында батылдығы мен қайсарлығын көрсеткен. Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі орденмен және Жеңіс мерейтойларына арналған медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін ол туған еліне оралып, бейбіт өмірдің қалыптасуына өз үлесін қосты. 1969 жылдан бастап Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұрақтап, Жамбыл РТС мекемесінде ұзақ жылдар бойы электр дәнекерлеуші болып еңбек етті. Қоғамға адал қызмет етіп, еңбегі үшін бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бүгінде Федор Емельянович – үлкен әулеттің ардақты ақсақалы. Ол үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде он немере мен он шөберенің қызығын көріп отырған бақытты ата. Сонымен қатар ол – Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Қарт майдангердің айтуынша, бүгінгі референдум – ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын күн.
– Мен биыл 99 жастамын. Бүгін өз үйімде дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Осындай маңызды шешімдерге қатысу мен үшін үлкен бақыт. Біз соғыстың ауыр жылдарын бастан өткердік, бірақ әрқашан бейбіт әрі әділетті болашаққа сендік. Менің балаларым, немерелерім мен шөберелерім бейбіт елде, келісім мен заң үстемдік ететін мықты мемлекетте өмір сүрсе екен деп тілеймін, – деді ардагер.
Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде оның азаматтық ұстанымы мен елге деген жанашырлығы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Қарт майдангердің референдумға қатысуы – ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың жауапкершілігін айқын көрсететін жарқын мысал.
“… МЕН ҮШІН БАҚЫТ”: СОҒЫС АРДАГЕРІ ДАУЫС БЕРДІ

