Бүгін Қонаев қаласындағы Б. Соқпақбаев атындағы орталық саябақта Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Денсаулық марафоны» өтті».
Іс-шара Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы, спорт басқармасы және қала әкімдігінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – тұрғындардың назарын салауатты өмір салтының маңыздылығына және аурулардың алдын алуға аудару.
Бірнеше сағатқа созылған марафон барысында әртүрлі жастағы қала тұрғындары денсаулыққа қатысты пайдалы ақпарат алып, бастапқы медициналық тексерулерден өтіп, қалалық көпсалалы аурухананың мамандарынан кеңес алды. Қатысушылар қандағы қант деңгейін анықтап, дене салмағы индексін есептеп, артериялық қысымын өлшеді. Мұндай қарапайым тексерулер денсаулықтағы қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, барлық ниет білдірушілер үшін нұсқаушымен арнайы жаттығулар ұйымдастырылып, негізгі жаттығу түрлері көрсетіліп, дене белсенділігін сақтау мен салауатты өмір салтын ұстану бойынша ұсыныстар берілді.
Белсенді қатысқан әрбір тұрғынға естелік сыйлықтар табысталып, бұл шараның жағымды әсерін арттыра түсті.
«Денсаулық марафоны» достық және ашық атмосферада өтіп, қала тұрғындарын біріктіріп, ең басты құндылық – денсаулық екенін тағы бір мәрте еске салды.
Өзіңе және жақындарыңа қамқорлық жасау – әр азамат үшін маңызды басымдық болып қала береді.
Баспасөз қызметі

