Пятница, 29 марта, 2024
Басты бетЖаңалықтарДінмұхамед Қонаевқа арналған білім байқауы мәресіне жетті

Дінмұхамед Қонаевқа арналған білім байқауы мәресіне жетті


Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен еңбектерін дәріптеуге арналған онлайн түрде облыстық байқау өтті. Білімділер додасы «Адалдық пен ізгілік жолы» тақырыбына арналды. Аталмыш сайыстың ұйымдастырушылары «Жетісу дарыны» орталығы болып табылады.
Байқау 4-28 мамыр аралығында өткізілді. Негізгі мақсаты- Ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен еңбектерін жас ұрпақты таныстыру, сонымен бірге педагогтар арасында ғылыми — ізденіс жұмыстарын жүргізу, оқушыларды жазба жұмыстарына баулу арқылы зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Білім бәсекесіне оқушылардан 63, ұстаздар қауымынан 18 өтінім қабылданған. Оқушылар Д. Қонаевтың өмірі мен еңбектері туралы эссе жұмыстарын жазса, педагогтар ғылыми жоба қорғаған. Айта кетейік, байқауға 8-10 сынып оқушылардың өтінімдерінің ішінен 27 жұмыс іріктеліп алынса, ұстаздар арасында 7 ғылыми жоба сыннан сүрінбеді.
«Ширек ғасыр ел басқарған кемел адамның өткені мен артында қалған дара жолын өскелең ұрпақ білуі тиіс. Бүгін мәресіне жеткен доданың нысанаға алғаны да осы еді. Сондықтан, сайыс Халықаралық Қонаев қорының демеушілік қолдауымен ұйымдастырылды. Аталған шараға аудандық, қалалық және облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушылары мен педагогтары қатысты. Келіп түскен шығармалар мен жобаларды Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары мен БАҚ саласында еңбегі сіңген тұлғалар сарапқа салды»,- дейді Халықаралық Қонаев қорының ресми өкілі Бақтығали Сақымқожаұлы.
«Ғасыр саңлағы» Дінмұхамед Ахметұлының ел жадындағы жарқын бейнесін ақ қағаздың бетіне түсіріп, оның даналығын дүйім елге жеткізуге талпынған жас өрендердің бір парасы топты жарып шықты. Бала көңілден туындаған шығарманың мазмұныда өр тұлғаның еңбек жолындағы ерекшелігін ғана әспеттеп қоймай, қарапайымдылықтың символы болғандығын қара сөздің құдіретіне сүйене отырып жеткізген.
Солардың бірі, дода жеңімпазы Алиман Оразалы. Талдықорған қаласы, Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейінің 9-сынып оқушысы «Қарапайымдылық нышаны» атты тақырыптың төңірегінде дарбоздың дана болғандығын, болмысындағы осы бір қайталанбас қасиетін көркем сөзбен кестелеп жазған.
«Мен байқауға бір апта дайындалдым. Дінмұхамед атамыз туралы жазасыңдар деген кезде ол кісінің саясат сахнасындағы беделін емес, адамдық келбетін жазғым келді. Сол бағытта өзіндік зерттеу жұмыстарымды жасадым. Дінмұхамед Қонаев зәулім үй салып, өз замамының қымбат маркалы автокөлігін мінуге жағдайы жетседе, елінен оза шабуды көздемеген. Ол қарапайымдылықты алдыңғы орынға шығарған. Мұнысы біздерге үлгі боларлық. Адамдық ардан, кісілік келбеттен айнымаған жан. Міне осы тұстарын 1,5 бет шығармамда толық қамтуға тырыстым. Бұл білім бәсекесіне қатыса отырып өзімнің рухани азығымды молайттым»,-дейді байқау жеңімпазы Алиман Оразалы.
Бұдан өзге сайыс қорытындысы бойынша, эссе жазу байқауында Талдықорған қаласы, №9 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Айсұлу Серікбол, Қаратал ауданы, Панфилов атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Тоғжан Рамазанда жүлделі 1-орынды қанжығаларына байлады.
Ал, Педагогтардың ішінде берілген тақырып аясында жан-жақты ізденісі, ойының ұшқырлығымен, ғылыми жұмыстағы ерекшелігі өзгеден бір саты биік болған Балқаш ауданы, Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектеп орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алия Малтабарова танылып, бас жүлдені қанжығасына байласа, Талдықорған қаласы, Абай атындағы №1 орта мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бектас Талдыбаев 1 орынға ие болды. Барша жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Осылайша, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ұстаз бен оқушы деген білім атты пырақтың қос қанаты сеңгір көкке самғады.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments