4 наурыз күні аудан тұрғындары үшін маңызды қоғамдық-саяси кездесу өтті. Аудан жұртшылығы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен жүздесіп, алдағы республикалық референдумның мән-маңызы мен конституциялық реформаның бағыт-бағдарын талқылады.
Кездесуді ашқан жүргізуші Алматы облыстық «AMANAT» партиясының хатшысы Серік Нұрқадырұлы жиынның мақсаты – азаматтардың мемлекет өміріндегі маңызды шешімдерге қатысуын қамтамасыз ететін референдумның мазмұнын түсіндіру, заңдылық пен ашықтық қағидаттарын сақтау мәселелерін саралау екенін атап өтті.
Алғашқы сөз Алматы облысының Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бағдат Байшалұлы Әлиевке берілді. Ол өз сөзінде қоғам белсенділерінің елдік мәселелерге бейжай қарамай, саяси науқандарға жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ референдумның ел болашағын айқындайтын тарихи кезең екенін жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған аудандық «Жас ұлан» оқушылар үйінің директоры, Ұзынағаш ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Райхан Жүнісқызы жастар тәрбиесі мен қоғамдық келісім мәселесіне тоқталды.
Жиында медицина ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, Райымбек және Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Зинаш Көпжасарқызы Күштекова да пікір білдірді. Ол конституциялық реформаның әлеуметтік салаларға, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне ықпалы туралы ой қозғап, мемлекет тұрақтылығы мен қоғамдық келісімнің маңызын атап өтті.
Кездесудің негізгі баяндамасын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев жасады. Ол алдағы республикалық референдумның тарихи маңызына тоқталып, конституциялық өзгерістердің басты бағыттарын түсіндірді. Кеңесші ел дамуының жаңа кезеңінде әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігі айрықша рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар саяси жаңғыру үдерісі қоғамдағы әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделуі тиіс екенін жеткізді.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Ашық форматта өткен кездесу жұртшылықтың белсенділігін көрсетті.
Кездесу соңында сөз алған Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы қонақтарға алғысын білдіріп, жиында көтерілген мәселелердің маңыздылығын тілге тиек етіп, конституциялық реформалар мемлекеттілікті нығайтудың кепілі екенін атап өтті.
Жалпы, мазмұнды өткен басқосу елдік мүдде жолындағы бірлік пен ынтымақтың айқын көрінісі болды. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы ашық диалогты дамытуға, өзара түсіністікті арттыруға ықпал етпек.

