Site icon ATAMEKEN

Елдің ертеңі бүгінгі тәрбиеден басталады

 

Елдің болашағы туралы ойланғанда көбіміз алдымен мектепті, жоғары оқуорындарын, ғылым мен өндірісті еске аламыз. Ал мен бұл әңгімені балабақшаданбастаған жөн деп ойлаймын. Себебі адам бойындағы алғашқы түсінік, мінез-құлық, қоршаған ортаға көзқарас, үлкен мен кішіні сыйлау, өзгені құрметтеу сияқтықасиеттердің іргетасы мектепке дейінгі кезеңде қаланады. Бүгін балабақшадажүрген бүлдіршіндер – ертеңгі қоғамның мүшелері, елдің болашағынқалыптастыратын азаматтар.

Сондықтан Конституцияда білім беру, ғылым мен инновацияларқұндылықтарымен қатар табиғатқа ұқыпты қарау және болашақ ұрпақ алдындағыжауапкершіліктің көрініс табуын өте маңызды деп санаймын. Мұны тек мемлекеттік деңгейдегі міндет деп қабылдауға болмайды. Оның мазмұны әротбасының, әр білім беру ұйымының, әрбір азаматтың күнделікті ісінен көрінуікерек. Әсіресе мектепке дейінгі тәрбие саласында бұл қағидалардың орны ерекше.

Балабақша меңгерушісі ретінде менің алдымда тұрған міндет тек оқу-тәрбиежұмысын ұйымдастырумен шектелмейді. Біз балаларға қандай орта ұсыныпотырмыз, қандай құндылықтарды бойына сіңіріп жатырмыз, оларды ертеңгі өміргеқаншалықты дайындай алдық деген сұрақтар үнемі ойландыруы тиіс.

Табиғатты қорғау – балаға үйрететін алғашқы жауапкершілік. Конституция азаматтардың табиғатты сақтау, табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндетін бекітеді. Мемлекет те адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Осы талаптардың орындалуы қоғамның экологиялық мәдениетіне тікелей байланысты. Ал экологиялық мәдениет балалық шақтан қалыптасады.

Біз балабақшада балаларға табиғатты қорғау туралы құрғақ әңгіме айтумен шектелмеуіміз керек. Бала табиғатқа қамқорлық жасаудың мәнін өз көзімен көріп, өзі қатысып түсінгені дұрыс. Мысалы, гүлге су құю, көшет отырғызу, ауладағы тазалықты сақтау, суды ысырап етпеу, құстарға қамқорлық жасау – қарапайым болғанымен, тәрбиелік мәні зор әрекеттер.

Осындай жұмыстар арқылы бала әрбір тіршілік иесіне жанашырлықпен қарауды үйренеді. Өзінің айналасындағы ортаға жауапты екенін сезінеді. Бұл дағды балабақшамен бірге қалып қоймай, отбасында, мектепте, кейін қоғамдық өмірде жалғасын тапса, нәтижесі әлдеқайда үлкен болады.

«Таза Қазақстан» бастамасының да осындай тәрбиелік қырына басымдық берген жөн. Тазалықты бір күндік науқан ретінде емес, өмір сүру мәдениеті ретінде қабылдауымыз керек. Балабақша ауласын көгалдандыру, ата-аналармен бірге көшет отырғызу, балаларға қоршаған ортаны күтіп ұстаудың маңызын түсіндіру арқылы біз осы мәдениеттің алғашқы негізін қалай аламыз.

Өткенін таныған ұрпақ туған жерін де қадірлейтін болады. Болашақ алдындағы жауапкершілікті табиғатты сақтаумен ғана өлшеу де өте шектеулі ойлау болар еді. Өйткені, Конституцияда тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарау, тарихи-мәдени мұраны сақтау міндетінің белгіленуі де маңызды. Келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыздың ішінде табиғи байлықтармен бірге халықтың тарихы, тілі, мәдениеті мен рухани құндылықтары бар.

Балаға туған жерін сүюді үйрету үшін алдымен оның туған жері туралы түсінігін қалыптастыруымыз қажет. Өз өлкесінің табиғатын, тарихын, белгілі тұлғаларын, ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін танып өскен бала айналасына басқа көзбен қарайды. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық ойындарға, салт-дәстүрге, халық ауыз әдебиетіне, өлкетану бағытындағы танымдық жұмыстарға көбірек көңіл бөлінуі керек.

Мұнда мақсат баланың бойына көп ақпарат жинау емес. Ең маңыздысы – оның бойында қызығушылық ояту, өз халқының мұрасына құрмет сезімін қалыптастыру. Бүгін ертегі тыңдап, ұлттық ойын ойнап, ата-әжесінің әңгімесін қызыға тыңдаған бала ертең өз тарихына немқұрайлы қарамайды деп ойлаймын.

Болашақ қоғамның мәдениеті бүгін қалыптасады. Мектепке дейінгі ұйымның тағы бір маңызды міндеті – баланы қоғамдық ортада өмір сүруге үйрету. Балабақшаға келген бала алғаш рет өз отбасынан бөлек ортаға араласады. Мұнда ол басқа балалармен тіл табысуды, ойыншықты бөлісуді, өзгенің пікірін тыңдауды, ортақ ережені сақтауды үйренеді.

Біздің ұжым осы үдерісте әр баланың жеке ерекшелігін ескеріп, оның еркін дамуына жағдай жасауы керек. Баланың сұрақ қоюына, ойын айтуына, өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік беру маңызды. Себебі бізге ертең өз пікірін ашық жеткізе алатын, өзгенің құқығын құрметтейтін, қоғам алдындағы міндетін түсінетін азаматтар қажет.

Бұл қасиеттер бір күнде қалыптаспайды. Ол тәрбиешінің күнделікті қарым-қатынасынан, баланың отбасында көрген үлгісінен, балабақшадағы ортадан бастау алады. Сондықтан ата-анамен серіктестік орнату да біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Балаға қойылатын талап пен берілетін тәрбие екі ортада үйлесімді болғанда ғана оның нәтижесі көрінеді.

Меніңше, Конституцияның болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке басымдық беруі әрбір білім беру ұйымына да ой салуы керек. Біз бүгін қандай тәрбие берсек, ертең қоғамның сипаты да соған қарай қалыптасады. Экологиялық мәдениеті жоғары, тарихын құрметтейтін, білімге құштар, өзгенің құқығына құрметпен қарайтын азамат тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік.

Біз балаларға дайын болашақ сыйлай алмаймыз. Бірақ сол болашақты құруға қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ол үшін балабақшадағы әрбір күн, әрбір сабақ, әрбір тәрбие сағаты мәнді болуы керек.

Кейде үлкен өзгерістердің бастауы өте қарапайым әрекеттен көрінеді. Баланың сынған бұтақты көріп, оны сындырмау керектігін түсінуінен, суды босқа ағызбауынан, досына көмектесуінен, туған жері туралы әңгімеге қызығуынан байқалады. Осындай кішкентай қадамдар ертең үлкен азаматтық ұстанымға айналуы мүмкін.

Сондықтан болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті алыс уақытқа қалдырмайық. Біз оны бүгінгі тәрбиемізбен, балаларға ұсынып отырған ортамызбен, өзіміз көрсетіп жүрген үлгімізбен дәл қазір жүзеге асырып жатырмыз. Елдің ертеңі туралы ойлау – ең алдымен бүгінгі балаға деген көзқарасымыздан басталады.

 

Аида Сатыбалдиева,

Ұзынағаш ауылы,

«Ақниет бөбекжай-бақшасы» ЖШС меңгерушісі.

Exit mobile version