ATAMEKEN

Елімізге танымал ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлының еңбек жолы 1960 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданындағы газеттен басталады


Нұрманбет Қизатұлы
1941 жылдың 25 қаңтарында Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Аудандық газеттен тәжірибе жинаған фототілші, кейінгі саналы ғұмырыноблыстық «Жетісу» газетінде жалғастырады.Сондай-ақ, еліміздегі екі іргелі жоғары оқу орындары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиетінің баспасөз орталығында да еңбек жолы жалғасын тапқан. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлағат» баспасы 2021 жылы ағаның ұзақ жылдары бойы түсірген еңбектерін топтастырып «Жан шуақ» фотоальбомын шығарып берген. Аталған фотоальбомда Жамбыл ауданына қатысты көптеген мәдени-тарихи оқиғалардың фотосуреттері кеңінен бейнеленген.

Фотожурналистика саласындағы табанды еңбегі, кәсіби адалдығы мен шеберлігі арқылы ол жас буынға үлгі болып, ұлттық журналистиканың дамуына зор үлес қосып келеді. Нұрманбет Қизатұлы – уақыт пен кеңістікті жалғаған, шындықты сурет арқылы сөйлеткен тұлға.

Нұрманбет Қизатұлы жарты ғасырға жуық ғұмырын шығармашылыққа арнап, туған өлкесінің табиғаты мен болмысын терең танып, оны фототуындылары арқылы ұлттық рухпен сабақтастыра білді. Оның еңбектерінен елдің тарихы, адам тағдыры мен рухани келбеті айқын көрініс табады. Ол ұлт тұлғаларын ұлықтап, мәдени мұраны байытуға зор үлес қосқан, мансаптан гөрі халық игілігін жоғары қойған азамат ретінде ерекшеленеді.

Шебер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы – Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, ал 2015 жылы патриоттық бағыттағы фотосуреттері үшін Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгімен марапатталған. Оның әрбір еңбегі – уақыт тынысын, дәуір рухын бейнелейтін құнды шежіре.

Қазақ фотожурналистикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан қаламгердің еңбегі кәсіби ортада жоғары бағаланады. Соның айғағы ретінде 2016 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы тарапынан «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталуы оның шығармашылық беделін айқындай түседі.

Ардагер фототілшінің еңбегі аймақтың тарихи жадын сақтауға елеулі үлес қосады. Оның фотосуреттері тек эстетикалық әсер сыйлап қана қоймай, уақыт бедерін айқын көрсететін маңызды мұра ретінде бағаланады. Бүгінгі сәтті бейнелеп, оны ертеңгі тарихқа айналдыру – оның шығармашылығының басты ерекшелігі.

Осы тұрғыдан алғанда, Нұрманбет Қизатұлының туындылары өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Биыл 85 жас мерейтойға толған қазыналы қарттың шығармашылығына арналған іс-шара Алматыда 27 сәуір күні республикалық деңгейде аталып өтпек.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен әлемдік фотография өнерінің 200 жылдығына арналған «Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, фотокөрменің салтанатты ашылуы болады. Шараға Алматы облыстық «Алатау арайы», Жетісу облыстық «Жетісу» газеті, Жамбыл аудандық әкімдігі де қолдау көрсетіп жатқанын айта өтуге болады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Философия және саясаттану факультетінің

доцент міндетін атқарушы,

Философия докторы (PhD).

Алматы қаласы.

Нұрманбет Қизатұлының жеке суретін

Асылхан Әбдірайым түсірген

Қалған фотолар Нұрманбет Қизатұлының мұрағатынан

Exit mobile version