Четверг, 25 апреля, 2024
Басты бетNur OtanЕліміздің сыртын жаудан, ішін даудан сақтасын!

Еліміздің сыртын жаудан, ішін даудан сақтасын!

Биылғы жылдың алғашқы күндері еліміз үшін ауыр сынақпен бастау алды. Бейбіт шеруге шыққан қара халықты пайдаланған түрлі топтар ел ішіне іріткі салып, арандату фактілерін ұтымды пайдаланып, ел ішінде бүлік тудырды. Соның салдарынан қаншама жан қыршыннан қиылды. Бұл терактілер арнайы ұйымдастырылғаны айдан анық болды. Бұл елімізге төнген үлкен қауіптің бірі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қырағылы мен дер кезінде әрекет етуінің арқасында біз бұл қиындықты да еңсере түстік.

Осы төтенше жағдайға орай бүгін Мемлекет басшысы Ақордада Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, Әлихан Смайыловтың еліміздің Премьер-Министрі қызметіне кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсынысты Парламент Мәжілісінің отырысына қатысқан барлық партиялар бірауыздан қолдап, дауыс берді. Әлихан Смайыловтың еліміздің Премьер-Министрі болып тағайындалуы негізді шешім. Оның мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар, мемлекеттік органдарда айтарлықтай сенім ресурсы бар саяси қайраткер. Дәл осындай адам қазір мемлекет пен қоғамға қажет.

Премьер-министр сайланған соң ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-саяси ахуалды тұрақтандыру жөнінде сөз қозғап, жаңадан сайланған Әлихан Смайыловқа 3 апта ішінде елдің әл-ауқатын арттыру жөнінде іс-шара жоспарын дайындап, оны ұсынуды тапсырды. Бұдан бөлек білім саласына көңіл бөлуді, төменгі жалақыны көтеруді, жұмыссыздықпен күресті, елдегі азық-түлік пен жанар-жағармайдың бағасын көтермеу сияқты бірнеше мәселелерді көтеріп, оны үнемі Үкімет өз назарында ұстауды міндеттеді. Сондай-ақ, былтырғы қуаңшылық салдарынан жапа шеккен ауылшаруашылық саласына және кәсіп бастауға ниетті жастарға да мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін қадап айтты.

Мемлекет басшысының бүгінгі Мәжіліс отырысында Қазақстан халқына арнаған үндеуі қазақ халқының болашаққа нық қадам басуына арнаған маңызды бастамалардың бірі деп білеміз.

Еліміздің сыртын жаудан, ішін даудан сақтасын деп тілейміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ықылас Еркінұлы Амалбек,

«Nur Otan»  партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments