Site icon Атамекен

ЕЛІМІЗДІҢ ШЕБІН КҮЗЕТКЕН ҚАРАСАЙ ШЕКАРА БАСҚАРМАСЫ

Қарасай шекара басқармасы – шептегі сенімді қалқан. Қазақстанның ең маңызды аймақтарының бірі – Алматы облысы. Бұл өңір Қырғыз Республикасымен шекаралас болғандықтан, мұндағы шекара қауіпсіздігі мемлекет үшін аса маңызды. Қарасай шекара басқармасы – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің маңызды құрылымдық бөлімшелерінің бірі ретінде облыстың батыс бөлігіндегі шекаралық тəртіпті қамтамасыз етіп келеді.

Басқарма құрамында бірнеше шекара бөлімшелері, мобильді топтар мен арнайы дайындықтан өткен мамандар бар. Қызметкерлердің басты міндеті – мемлекеттік шекараны бұзуға жол бермеу, контрабандамен, заңсыз көші-қонмен жəне басқа да шекаралық құқықбұзушылықтармен күресу.

Қарасай шекара басқармасына қарасты «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелең», «Алмарасан», «Рабат», «Саты» сияқты шекара бөлімшелері өңірдегі шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Əрбір бөлімше стратегиялық маңызы бар аумақтарды бақылап, тəуліктік режимде қызмет атқарады. Бұл бөлімшелердің барлығы өзара үйлесімді жұмыс істеп, шекара қызметінің мызғымас тұтастығын қамтамасыз етеді. Əрбір бөлімшенің жеке құрамы өз қызметіне адалдықпен қарап, күн-түн демей Отан шебінде сапта тұр.

Қарасай шекара басқармасы – тек қана шекара күзетімен айналысатын мекеме емес. Бұл – Отан алдындағы адалдық пен жауапкершілік мектебі. Мұндағы əскери қызметшілер үздіксіз тактикалық жəне дене дайындығынан өтіп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуді меңгерген. Олар кез келген жағдайда шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын деңгейде дайындықта жүреді.

Қызмет барысында көптеген шекарашылар марапаттарға ие болып, ел тыныштығы жолындағы батылдығымен ерекшеленіп келеді. Қызметкерлердің кəсібилігі мен отансүйгіштігі шекарадағы тұрақтылықтың кепілі болып отыр.

Қарасай шекара басқармасы жергілікті жастармен жəне білім беру мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар жас буынға патриоттық тəрбие беру, əскери қызметтің маңыздылығын түсіндіру, болашақ шекарашыларды даярлау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырады. Ашық есік күндері, əскери-патриоттық кездесулер, экскурсиялар мен жарыстар арқылы жасөспірімдер ел қорғандарының қызметімен жақынырақ танысады.

Қазіргі замандағы қауіп-қатерлер жағдайында шекара қызметінің рөлі күн санап артып келеді. Терроризм, экстремизм, контрабанда, заңсыз көші-қон сынды қауіптерге қарсы тұруда шекарашылардың қырағылығы мен батылдығы ерекше маңызды. Бұл тұрғыда Қарасай шекара басқармасының жəне оған қарасты шекара бөлімшелерінің жеке құрамы үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып, еліміздің бейбіт өмірін қамтамасыз етуде.

18 тамыз – Шекарашылар күні – бұл тек кəсіби мереке емес, бұл – Отан шебінде аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарға алғыс білдіретін күн. Қарасай шекара басқармасы – тəуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен тұрақтылығы үшін қалтқысыз еңбек етіп жүрген батырлардың ордасы. Олардың жанқиярлық қызметі əрқашан ел есінде. Мерекелеріңіз құтты болсын, шекара сақшылары!

Баянбаев Мəди ТОҚТАШҰЛЫ,
«Қарғалы» шекара бөлімше бастығының орынбасары,
аға лейтенант

Exit mobile version