Вторник, 19 марта, 2024
Басты бетЖаңалықтарЕл боламын десең бесігіңді түзе

Ел боламын десең бесігіңді түзе

Бала – ата-ананың көз қуанышы, жүрегінің нұры, жанының бір жапырақ бөлшегі. Олар әрдайым ата-анасынан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, соларға қарап, еліктеп өседі. Сол себепті де отбасының бала тәрбиесінде алатын орны ерекше.

Ислам діні бойынша ұрпақты дұрыс тәрбиелеу – ата-ананың басты міндеттерінің бірі.

Қасиетті Құранның «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды (имандылыққа, адамгершілікке баулу арқылы) отыны адамдар мен тастардан тұратын алапат оттан қорғаңдар! …» деген аяты да осы мәселемен тікелей байланысты.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Сендердің әрқайсың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші өзінің қол астындағыларға бақташы саналады, еркек өзінің жанұясының бақташысы, әйел де күйеуінің үйінде бақташы, әрі өзінің бақташылығына және оның балаларына жауапты. Сонымен, әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың баққандарыңа жауапкершілік көтересіңдер».

Екі дүние сардарының (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден артық мұра қалдырған емес» деп келтірілген.

Асыл дініміздің қайнар бұлақтарынан сусындаған қазақ халқы да бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Қазақ әдебиетінің классигі, заңғар суреткер, біртуар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген мәні зор, мағынасы терең нақылы осы сөздеріміздің айқын дәлелі.

«Шыбықты қалай исең, солай иіледі» деген сөзді ескерген ата-бабамыз, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, ар-ұят, ұждан – иманның кілті деп санап, балаға жастайынан ерекше көңіл бөлген.

Ұл баланың тәрбиесімен әкесі немесе ағалары айналысып, оның бойына ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты сіңіруге тырысқан. Қыз баланың әдепті, ибалы, инабатты болуы өсуін анасы, әжесі немесе жеңгесі қадағалаған.

Ұлды да, қызды да өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамауға баулыған. Олардың санасына кішіпейіл, қанағатшыл, қамқор, ізетті бол деп жалықпай айта берген. Үлкеннің алдынан кесіп өтпеуді ұқтырған. Бұл біздің халқымыздың жазу-сызу әлі дұрыс дами қоймаған дәуірлерден бері келе жатқан даналығы. Өскелең ұрпақтың иманды болуына баса назар аударып, Алланың құлы, пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті екенін есіне салып отырған.

Хәкім Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», деген екен. Сол себепті ата-ананың баламен үнемі байланыста болуы – тәрбиенің әмбебап шарты.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін ұмытпайық. Заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тіршілігімен бірге жүрсек те, жас ұрпақты рухани уызға қандырып, ұлттық құндылықтарға құштар ете білейік.

 

 

Алматы облысының бас имамы                  

Мадияр Тағайбайұлы Пірімқұлов               

   

 

 

Алдыңғы мақала
Келесі мақалада
RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments