Қазақ тарихындағы Құрылтай жиындары қашанда ел ішіндегі айрықша бетбұрыс пен өзгеріске әкелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жаңғырған Ұлттық құрылтай отырыстары да сол дәстүрдің заңды жалғасы ретінде түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға түрткі болып келеді.
Құрылтайдың салмағы сөздің көптігімен емес, іске асырылған нәтижелермен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, бұған дейінгі отырыстарда айтылған ұсыныстар негізінде 26 заң қабылданғаны баршаға мәлім. Бұл – қоғамдық талқылаудың құқықтық шешімге айнала алатынын, елдік мәселелердің қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нормаларға айналуға қабілетті екенін көрсететін белгі.
Ел Президенті Қызылордаға келіп тұрып, Арал проблемасын айтпай кетуге болмайтынын тілге тиек етіп, су ресурстары мәселесі күн тәртібінде стратегиялық деңгейге көтерілгенін еске салды. Солтүстік Аралды сақтап қалу тәжірибесін жалғастырып, Көкарал бөгетінің деңгейін арттыру жобасын биыл бастау көзделетіні айтылды. Су проблемасы шекарамен шектелмейтінін қаперге алған Мемлекет басшысы су дипломатиясының маңызын атап өтті, ал өңірлік уағдаласу Каспий, Балқаш, Ертіс сияқты жүйелердің болашағына да тікелей әсер ететінін қадап айтты. Сәуір айында Астанада өтетін халықаралық экологиялық саммит осы бағыттағы алдағы қадамдарды нақтылайтын алаң болмақ.
Президент Абайдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасына айрықша мән берді. Бұл – жай ғана абстрактілі пәлсапа емес, адал еңбекті, заңға құрмет пен жауапкершілікті қоғам үшін дамудың басты тетігі ретінде қарастыратын құнды іргетас. Бизнес үшін бұл адалдықты, ашықтық пен жауапкершілікті бәсекелі артықшылық ретінде ұсынатын кәсіпкерліктің жаңа мәдениетіне өтуді білдіреді. Тұрақты экономика мен мемлекет, бизнес, қоғам арасындағы сенімнің негізінде осындай қағидаттар жатыр.
Осы орайда Президенттің бұған дейінгі Құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сай «Атамекен» ҰКП «адал экономиканы» қалыптастырудың жүйелі жұмыстарын қолға алды. Бұл жерде кәсіпкердің адал ниеті – оның басты артықшылығы, ал салық реформасы ашықтық, тең мүмкіндіктер беру мен жосықсыз тәжірибелерден бас тарту қағидаттарымен қатар жүреді.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлер мен азаматтардың диалогі мен пікірін есепке алатын «жанжалсыз фискалдық транзит» пәлсапасын алға тартқаны белгілі. Бұл тұрғыда «Атамекен» ҰКП кодексті дайындауға белсенді түрде қатысты әрі қазір де туындаған мәселелерді мемлекеттік органдармен бірге талқылап келеді. Соның арқасында салықтық әкімшілендірудің сервистік моделін енгізіп, есептілікті қысқартуға қол жеткізілді. Біз үшін салық саясаты бизнестің дамуына түрткі болумен қатар, ағымдағы экономикалық жағдайға сәйкес болғаны маңызды. Сондықтан мүдделер теңдігі мен фискалдық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлермен жұмыс жалғаса береді.
Қызылордада өткен 5-ші ұлттық құрылтайда Ел Президенті конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын атап өтті. Парламент ендігәрі Құрылтай деп аталмақ. Вице-президент лауазымы пайда болмақ. Конституция өзгермек. Қоғамдық кеңес институтының құзыреті күшеймек.
Бұл құрылтайда Президент ел экономика-сының тұрақты өсімін тілге тиек етіп, өткен жылы ішкі жалпы өнімнің, сонымен қатар шағын және орта бизнестің үлесі артқаны, халық саны мен өмір сүру ұзақтығының өскені қоғамдағы оң өзгерістердің айқын дәлелі екені атап өтті.
Сонымен қатар Ғылым мен білім саласына басымдық беріліп, цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл бағыттағы жұмыстар нақты көрсеткіштермен өлшенуі тиіс екені айтылды. Ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасы қолдау тапты.
Руханият мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Абай, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінің ұлттық болмыстың өзегі екенін атап өтіп, Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар мәдениет саласында жаңа театрлар мен музейлер салу, мәдени нысандарды жаңғырту жоспарлары жарияланды.
Жастар саясаты, бала қауіпсіздігі, лудомания мен нашақорлықтың алдын алу мәселелері де құрылтайдың маңызды тақырыптарына айналды. Ұлттық құрылтай ұсыныстары негізінде қабылданған 26 заң бұл институттың ел дамуына нақты ықпал етіп отырғанын көрсетті.
Құрылтайдың Қызылордада өтуі терең символдық мәнге ие. «Сыр – Алаштың анасы» атанған өңірдің тарихи және рухани орнына тоқталған Президент бұл жерде ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтті.
«Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісу керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады», – деп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы.
Қорыта айтқанда, V Ұлттық құрылтай елдің бірлігі мен тұтастығын нығайтып, тұрақты даму жолындағы нақты қадамдардың негізін қалаған маңызды жиын болды. Құрылтайда айтылған бастамалар мен міндеттер Қазақстанның болашағына бағытталған жүйелі реформалардың жалғасы болмақ.
Майра Райымбердиева
