ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Жамбыл ауданында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Аудан орталығындағы Мәңгілік алау мен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш алаңында өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Нұрлан Ертас, аудан тұрғындары, ардагерлер, мекеме басшылары, жастар және қоғам өкілдері қатысты.
Шара соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Майдангерлердің есімі жазылған тақтайшалар мен мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.
Салтанатты жиында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы сөз сөйлеп, Жеңіс күні – ел тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтты.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, патриоттық әндер орындалды. Өнерпаздар майдангерлерге арналған жүрек тебірентер шығармаларын ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Шара соңында қатысушылар ескерткіш алдында гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсіп, бейбіт өмір сыйлаған аға буынға алғыстарын білдірді.
Бақтияр Айталы.
