Четверг, 8 мая, 2025
Басты бетЖаңалықтарЕрлік пен еңбектің өнегесі

Ерлік пен еңбектің өнегесі

Ауданымызға қарасты Жамбыл ауылыныңтарихы ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастау
алады. Сол уақыттағы Ерназар колхозына анамның ата-анасы қоныс аударған екен. Əкесі – Тілеубайұлы Саламат 1900 жылы дүниеге келген. Түркісіб магистралінде жұмысшы ретінде пойыз жолын салған. Кейін колхозда бригадир болып қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына 1941 жылы қатысып, қатардағы жауынгер ретінде Батыс майданнан бір-ақ шығады. Ең ауыр шайқастарға Украина жерінде, Қара теңіз бойында, ІІ-Беларусь майданында, Орел, Курск қалаларын қорғауға қатысып, ауыр жарақат алып, госпитальға жатқызылады. Ұрыстың ең үрейлі кезеңі – фашистердің бас қаласы Берлиндегі соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен. Соғыстан 1946 жылдың күз мезгілінде, он бір жерінен жараланып, туған жерге оралады. Саламат Тілеубайұлы майдандағы ерлігі үшін І жəне ІІ дəрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін» жəне «Ерлігі үшін» медалімен сондай-ақ, жиырмадан астам Сталиннің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Соғыстан кейін де елге адал қызмет етті. 1962 жылы дүниеден озды. Анасы – Ыбырайымқызы Шайым 1912 жылы дүниеге келген. Алматы қаласындағы кілем тоқитын фабриканың ең алғашқы жұмысшысы, озат тоқымашы атанған. Шайым апамыз араб тілін жақсы меңгерген, жұмысымен қатар күнделікті намазын да тастамаған екен. Отбасында бес баланы дүниеге əкеліп, тəрбиелеген аяулы ана. Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен. Шайым апамыз – ақ жарқын, өте мейірімді, кішіпейіл, ақылды, бауырмал, адамгершілігі мол, еңбекқор жан болған. Ақын Жамбыл Жабаевтың өлеңін тыңдап, көзін көріп, араласып, өнеге тұтқан. 1988 жылы 76 жасында дүниеден озды. Артында өнегелі өмірі мен естеліктері қалды. Менің анам – Саламатқызы Зуре ата-анасын қатты құрметтеген, ақылды, бауырмашыл, еңбекқор, қайырымды, жақсылығын аямайтын адам болып өмір сүрген еді. Анам осы Жамбыл ауылында 1940 жылы дүниеге келіп, 2016 жылы 76 жасында өмірден өтті. Жамбыл ауылына мың түп алма ағашын отырғызып, халқына жемісін жегізіп, еңбекқорлығын көрсеткені елінің есінде. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында сұрапыл соғысқа қатысып, тылда аянбай тер төккен есіл ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды. Олардың отансүйгіштігі мен еңбекқорлығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жастарымызды патриоттық рухта тəрбиелеуде олардың берері мол. Жеңіске жеткізген майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне мың алғыс!

Амантаева Магишат Бекбергенқызы,
Жамбыл ауылы, ардагер ұстаз.

Алдыңғы мақала
Келесі мақалада
RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments