Қазақстан Республикасының Президентімен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойылды, биылғы жылдың үшінші науырызында күшіне енеді.
Жаңа заңға сәйкес, «есірткі жасырушылар» Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұдан былай психотроптық заттың көлеміне қарай оны жасырғандар 5-12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
«Заңдағы өзгерістер адамдарды шартты-мерзімінен бұрын босатуға, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігін одан да жұмсақ түрімен ауыстыруға мүмкіндік береді. Бірден айта кетейін, әрбір үкім сотпен дербес қаралатын болады. Бұл үшін сотталушы жазасын өтеп жатқан мекеме әкімшілігінің ұсынымы немесе оның өзінің өтінішхаты қажет»,-деп айтты Алматы облысы Полиция Департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Дастан Жексенбеков.
Ресми деректерге сүйенсек, қазір колонияларда есірткі қылмыстары үшін шамамен 4 мың адам жазасын өтеп жатыр. Болжам бойынша, жаңа заң арқылы мыңа жуық сотталушы жазасын жеңілдете алады. Ендігі жерде Қылмыстық Кодекстің 297-1 бабында көрсетілгендей, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, сондай-ақ лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін немесе бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.Сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды өндіру, әзірлеу, қайта өңдеу кезінде қолданылатын прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік бірінші рет енгізілуде. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілік тек прекурсорлардың контрабандасы үшін көзделген еді.
Полиция подполковнигі Дастан Жексенбековтың айтуынша, енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің бұдан да әділетті жүйесін құруға, сондай-ақ қоғамды есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.