Қарақастек ауылында қарапайым еңбек адамдарының өмірі – тұтас бір өнеге. Осындай өнегелі жандардың бірі – Карякин Виталий Витальевич. Ол ара шаруашылығымен айналысып, ауылдың брендіне айналған бал өнімдерін өндіреді.
1945 жылы Қарақастек ауылында дүниеге келген Виталий Витальевич еңбек жолын совхозда тракторист болып бастады. Еңбекке адал, табиғатқа жанашыр азамат уақыт өте келе ара шаруашылығына ден қойып, осы кәсіптің қыр-сырын меңгере бастады. Бүгінде оның ара ұялары Қарақастек тауларының бөктерінде орналасқан. Таза табиғатта, гүлді алқаптарда жайылған бал аралары жинаған өнім – еңбектің шынайы жемісі. Виталий Витальевич өндіретін бал өнімдері ауыл тұрғындары арасында ерекше сұранысқа ие. Оның аты мен өнімі Қарақастек ауылының мақтанышына айналып отыр.
Еңбектің адал жолын таңдаған азаматтың жетістіктері де аз емес. Ол 2019 жылы өткен Халықаралық ара шаруашылығы конгресінде 2-орынды иеленіп, ауылдың атын асқақтатты. Бұл жеңіс – ауылдағы адал еңбектің нәтижесі. Қазіргі таңда Виталий Витальевич бұл кәсіпті баласына үйретіп, өмір бойы жинаған тәжірибесін ұрпаққа аманат етуде. Ара шаруашылығы – тек бал өндіру ғана емес, ауылды дамыту, экологияны қорғау және жергілікті халыққа адал өнім ұсыну.
Қарақастек ауылында осындай еңбекқор азаматтардың болуы – ауылдың тірегі, ұрпаққа үлгі. Адал еңбекпен келген жетістік – ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.
Еңбек – елдің айнасы. Ал, Виталий Витальевичтің еңбегі – қарапайым еңбектің үлкен жетістікке жеткізетінінің дәлелі.
Еңбек адамы
