Ел дамуының негізі – еңбек адамы. Осындай жандардың бірі – Таран ауылдық округіндегі ветеринариялық пункттің білікті қызметкері, вет.оператор Көккөзов Нұрғали.
Нұрғали аға бұл салада бірнеше жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Ол – тек мал дәрігері емес, ауыл тұрғындарының сенімді тірегі. Қандай жағдай болса да, таң нұрымен тұрып, төрт түліктің амандығы үшін тер төгеді. Мал ауруларын дер кезінде анықтап, қажетті ем-домын жасайды. Санитарлық бақылау мен алдын алу шараларын да тұрақты түрде атқарады.
Көккөзов Нұрғали өз ісіне шынайы берілген маман. Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, тиянақты адам ретінде сипаттайды. Ал ауыл тұрғындары үшін ол – еңбегімен елге үлгі болған азамат.
Осындай еңбекқор мамандардың арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Нұрғали аға – ауылдастарының алғысына бөленіп жүрген шын мәніндегі еңбек майталманы.