Еңбек жолын арманмен бастаған асыл жан – Асылбекова Күльшар Қасенқызы
Асылбекова Күльшар Қасенқызы – еңбекпен өрілген ғұмыр иесі. 1963 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ақтам ауылында дүниеге келген. 1980 жылы арман қуып, Алматы қаласына келіп, білім жолына түсіп, сол жылдан бастап еңбек жолын да қатар бастаған. Еңбекке ерте араласқан Күльшар Қасенқызы Мәншүк Мәметова атындағы тігін цехында алғашқы қызметін атқарған.
Уақыт өте келе мәдениет пен руханият саласына бет бұрып, Қарасай ауданында кітапхана ісі бойынша білім алып, осы салада табан аудармай еңбек етті. 1989 жылдан бері Үңгіртас ауылында тұрып, жергілікті мәдениет пен руханиятты дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді. Қазіргі уақытта ауылдық кітапхананың меңгерушісі болып, жастарға рухани тәрбие беріп, ел игілігіне қызмет етуде.
Сіңірген еңбегі елеусіз қалмай, 2020 жылы «Ана жүрегі» төсбелгісімен, 2021 жылы «Батыр шапағаты» төсбелгісімен марапатталса, 2023 жылы «Қазақстан Республикасының Құрмет азаматы» медалінің иегері атанды.
Асылбекова Күльшар Қасенқызы – нағыз еңбек адамы. Өмірін елге, өскелең ұрпаққа, рухани байлыққа арнаған жан. Оның әр күні – үлгі, әр еңбегі – елге қызмет. Осындай абыройлы азаматтарымызды танып, құрметтеп, олардың өмір жолын кейінгі буынға өнеге ету – біздің борышымыз!