Жұмысшы мамандығы – қоғам тірегі
Жұмысшы мамандығы жылы аясында ел дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген білікті мамандардың еңбегі ерекше құрметке ие. Солардың бірі – ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан Доненов Ержан Қайнарбаевич.1964 жылдың 4 қыркүйегінде Жамбыл ауданы, Дегерес ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Дегерес орта мектебін аяқтап, 1983–1985 жылдары Германияда әскери борышын өтеген. 1982–1989 жылдары Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында білім алып, мал дәрігері мамандығын меңгерді.
1989 жылдан бері ветеринария саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. 2010–2023 жылдар аралығында Беріктас ауылдық ветеринарлық пунктінің меңгерушісі қызметін атқарса, 2023 жылдан бастап туған ауылы Дегересте ветеринарлық пунктте мал дәрігері болып еңбек етуде.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен ветеринария саласына қосқан үлесі үшін Алматы облысы ветеринария саласындағы қызметкерлерінің кәсіптік одағы бірлестігінің төрағасы К.Айпеисовтың атынан «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Ержан Қайнарбаевич – өз ісінің шебері, адал еңбегімен ауыл шаруашылығы мен халықтың игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген нағыз жұмысшы маман иесі. Оның еңбек жолы жас мамандарға үлгі боларлық.