«Ең әдемі әрі таза аула» байқауы өтті
Жамбыл ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Ең әдемі әрі таза аула» атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды өз аулаларын таза ұстап, көркейтуге ынталандыру, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Байқау 16 сәуірде басталып, аудан көлеміндегі 1040 көшені қамтыды. Оған тұрғындармен қатар, аула тазалығына жауапты еңбек ұжымдары да белсенді қатысты. Қатысушылар өз аулаларын тазалап, гүл егіп, ағаш отырғызып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Байқауды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен ауылдық округ әкімдері ұйымдастырып, үйлестірді. Арнайы комиссия аулалардың тазалығы мен көркемдік безендірілуін, көгалдандыру деңгейін және тұрғындардың белсенділігін бағалады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, әрбір аула үлгілі деңгейде ұсталуы тиіс деген ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.
«Ең әдемі әрі таза аула» байқауы – тек жарыс емес, бұл – тазалық пен тәртіпке деген ортақ көзқарасты нығайтатын маңызды қадам. Осындай игі шаралар ауданның көркеюіне және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына өз үлесін қоса бермек.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Медеуова

