Site icon ATAMEKEN

Жалған адам ұрлау мен донат үшін төбелес: Қазақстанда 9 стример жауапқа тартылды

Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты, — деп хабарлайды Polisia.kz. — Құрметті азаматтар! Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, цифрлық кеңістіктегі заңнаманы бұзған әлеуметтік желі қолданушылары – құқыққа қайшы контенттің тоғыз авторын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Аталған азаматтар лайк, қаралым және донат үшін ештеңеден тайынбай, шектен шығып жатыр. TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлауда. Ең өкініштісі — олардың әдепсіз әрекеттеріне күн сайын әлеуметтік желілердің өзге қолданушылары, әсіресе кәмелетке толмаған балалар куә болды. Мысалы, TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Ештаева Индира Оразқызы тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды. Алматы қаласында 32 жастағы Батырбек Ақтөре Сейсембекұлы тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шымкент қаласында 20 жастағы Сейдалиев Данияр аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырып, эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен 41 жастағы Қасымова Лайло Джубанышбекқызы бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған да әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ осы облыста 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Танаберганов Асылжанның TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» үшін контент жасағаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы да ескертеміз. Анонимді аккаунттың немесе телефон экранының ар жағында жасырынып қаламын деп ойламаңыздар. Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Алдағы уақытта да құқық бұзушылардың есімдерін тек алдын алу және профилактикалық мақсатта жариялап, көрсететін боламыз. Біз қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін, дөрекілік, зорлық-зомбылық, адамдарды қорлау, әдепсіз әрекеттер және қоғамдық тәртіпке қайшы басқа да іс-әрекеттер арқылы танымал болуға тырысатын тұлғалардан цифрлық кеңістікті жүйелі түрде тазартуды жалғастырамыз. Азаматтардың басым көпшілігі мұндай контентті құптамайды. Халық интернетте заң бұзатындарға қатысты шара қолдануды талап етіп, полицияға тікелей жүгінеді. Әрбір мұндай өтініш міндетті түрде қаралады. Заң мен Тәртіп — жай ғана ұран емес, бұл әрбір азамат үшін міндетті қағида. Ішкі істер министрлігі оның сақталуын шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де мүлтіксіз қамтамасыз етуді жалғастырады, — деді департамент бастығы — ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

https://youtu.be/ntm97rh-dvI?si=kOwe68zlYgesQcjr

Exit mobile version