Четверг, 25 апреля, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылЖАМБЫЛДЫҢ  ҚҰЛМАМБЕТПЕН  АЙТЫСЫ

ЖАМБЫЛДЫҢ  ҚҰЛМАМБЕТПЕН  АЙТЫСЫ

Жамбыл Жабаев – атақты ақын. Оның даңқы алдымен айтыс өнері арқылы шыққан. Алғашқы айтыстары ойын-тойларда өтеді. Жамбыл жастықтың салтын сақтап, Айкүміс, Бұрым, Сара сияқты қыздармен айтысады.

Сыртың бір сұлу жан екен,

Сыпайы көзге көрінген.

Сыр мінезің бар екен,

Сөйлесуге ерінген.

Қамқа камзол киініп,

Қас-қабағың керілген,– деп қыздарға қатықсыз қалжыңдар арнаған. Бұл тектес айтыстар ақынды ұзақ-сонар айтыстарға апаратын алғашқы баспалдақтар еді. Жамбыл Жабаев 1895 жылы Сарбас ақынмен, 1897 жылы Құлмамбетпен, 1902 жылы Досмағанбетпен, 1905 жылы Шашубаймен айтысып, барлығын да жеңіп шыққан.

Əдетте, Жамбыл айтыстары көбінесе халықтық бүкіл елдік мəселелермен ұштасып жатады. Ол кейбір ақындар сияқты күнделікті тіршілік күйбеңінің, ру тартысының көлеңкесінде қалмай, халықтық деңгейдің биігінде тұрып сөйлейді. Міне, осындай үлкен мұрат, міндеттер Жамбыл жырларының халық алдындағы беделін, бағасын өсіріп отырған.

Мəселен, Жамбылдың Құлмамбетпен айтысының идеялық мазмұнын алалық. Айтысты алдымен Құлмамбет бастаған. Ол айналасындағы, тойда отырған феодалдарды мадақтап: «Бұлар біздің елдің жақсылары мен жайсаңдары, малы көп, дүниенің кілті осылардың қолында, қалай шалқып, не айтса да жарасады, бұлармен таласпа, қарсыласпа, бағын, бағыныштылықпен ғана күн көресің, егер қаһарына іліксең, көзіңнің жасы құрғамайды, ауыр бақытсыздықтың қалың тұманында адасып жүріп, о дүниеге кетесің. Аспанда жаратушы, жерде болыс пен билер», – дейді.

Сөйтіп, Құлмамбет қарапайым халықты көнбістікке, кіріптарлыққа, бағыныштылыққа шақырады.

Ақын Құлмамбеттің сөз сарыны мынадай болып келеді:

Аңлашы, Албан бай ма, Дулат бай ма,

Сенің байың – Шолақ бай, Дулаттай ма?!

Қалың жатқан келейін Майлыбайға,

Мұнан соң мен барайын Бектембайға.

Тарпаң мен Тоқсейіттей бегің қайда?

Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр

Баласы Ниязбектің Сəрсенбайда, – дейді.

Құлмамбет осындай баянсыз, сырғанақ сөздері арқылы ақындық өнерді байлықтан, барлықтан төмен қояды. Заманның ішкі қайшылықтарын, тап тартысын жасырып, жалған, жасандылыққа ұрынады. Бұқара халықты көзге ілмейді, оның орнына жеке басының көңіл-күйімен оқшауланады, жалғыздыққа ұрынады.

Кезінде, Құлмамбет Жетісудағы ірі ақынның бірі атанған. Сөзінің барысына қарағанда екпінді-ақ еді. Бірақ, соңғы сөзі олай болмай шықты: «Мен күштімін, мен Жетісудағы бірінші ақынмын», – деп мақтанғанымен ол байлықтың айналасындағы томаға-тұйық шеңберден шыға алмады, тұйықталып қалды.

Дəл осы тұста қылыш қанатты сұңқардай саңқылдап əуелей ұшқан Жамбыл шықты. Ол өзінің шыққан биігінен жаңылмайды. Құлмамбеттің болмыс-бітіміне қарсы шабуылға шығып, əлсіз тұстарын нысанаға алды. Құламамбет дəріптеген байлар мен болыстардың екіжүзді, жалтақ жандар,  екенін дəлелдеді. Оның бетке ұстаған адамдарының жат, жағымсыз қылықтарын ел алдында əшкерелеп оларды күлкіге ұшыратты.

Құлмамбет, сен кімдерді мақтап отырсың? Мадақтаған адамдарының көбісі мансапқұмар, шен-шекпенге құштар, шетінен бишікеш, берекесіздер. Олар өз қолдарымен қурай сындырмайды, тек жиналып алып ауыл қыдырады, қымыз ішеді, бақ, дəулет салыстырып, мақтанып, асып-тасып сөйлейді. Баққаны арамза алақолдылық. Ұры ұстайды, момынның малына зорлық жасайды, ел мен елдің арасына от жағады, кедейлерге тізесін батырады, қалыңмал заңын пайдаланады, ұр да жық мінез көрсетеді, татулық, бірлікке опасыздық жасайды. Міне, Құлмамбет, сенің жер-көкке сыйғызбай мақтаған адамдарының кескін-келбеті осындай дейді Жамбыл.

Тегінде, қазақ байлары мен болыстары еңбекші халықты жақсылыққа, өнер-білімге бастамайды,  шаруашылықтың берекесін кетіріп, тұйыққа тірейді, патша үкіметіне жарамсақтанады. Халықтық қасиеттерді тоздырады, табансыз, тайғанақ өмір салттарын орнықтыруға жол ашады деген Жамбылдың сөзінде, сол кездің саяси-əлеуметтік шындығы жатыр.

Айтыстың барысында, Жамбыл тағы бір маңызды, мазмұнды ойға көңіл бөледі. Ол ел арасындағы кейбір адамдардың мінез-құлықтарын сынға алады. Құлмамбет сен шын ақын болсаң, алдымен елін жаудан қорғаған ержүрек батырларды айт. Соларды жырла, дəріпте дейді Жамбыл.

Жамбыл соған орай өзінің халық мұңшысы екенін танытып:

Адамдықты айт, ерлікті айт, 

                            батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,

Оны мақтап шалықпай жөңіне қайт, – деп бір тойтарыс береді де, өзінің арманы не екенін былай танытады:

Берекелі елді айтам,

Ел тұтқасы ерді айтам.

Басымнан сөз асырман! – дейді. Осыдан кейін Жамбыл халыққа қадірлі асыл азамат болып, заманының зор адамдары саналған ерлер – Сұраншы, Саурықты жыр етеді. Бірақ Құлмамбет бұған тоқтамай, тағы да байлығын айтып кеп, оның үстіне Саурық пен Сұраншының өлімі арқылы Жамбылды табалағысы келеді:

Секеңдеген серкенің ажалы деп, 

Саурық пенен Сұраншың

                    жаудан өлген, – дейді.

Айтыста жеңу мен жеңілу өлең таппағаннан тумайды, жүйеге, жолға жеңілуден болады.

Құлмамбет жаңағы сөзбен өз үкімін өзі айтып, сағағынан ілінеді, қазасына жетеді. Оның қазасы мен үкімін Жамбыл айтқанда былайша тойтарып түйеді:

Батыр Саурық, Сұраншы

                                жаудан өлген,

Халқы үшін шейіт болып

                                жанын берген.

Елді қорғап өлгеннің арманы не?

Қалың қазақ құрметтеп

                                соңына ерген.

Қажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң?

Ағайынмен ұрсысып даудан өлген.

Шапырашты, Дулаттың бəрі куə,

Шытыр жеген өгіздей аунап өлген.

Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ,

Төрт бұрышын төңіректің

                           жалмап өлген, – деп Құлмамбеттің қанатын осылайша жүйеге жығып қырқады.

Ау, Құлмамбет, сен жұлдызыңнан жаңылдың, байды мақтап, ақындық өнердің сертін бұздың, ендігі сөзіңнің құны жоқ, ашық ауаға, бос кеңістікке сөйледің. Жеңілдің, жеңілдің! – дейді халық.

Осы сөзден кейін:

А, Құлмамбет, Құлмамбет,

Ағып жатқан сумен кет.

Сумен кетсең, ел ішер,

Судан шыққан бумен кет.

Онда да кесір тиеді,

Қызарып батқан күнмен кет!

Күн де қайтып шығады,

Оттан шыққан күлмен кет!

Күлден де ауру жұғады,

Қараңғы тұман түнмен кет.

Түн де қайтып келеді,

Асқаралы таумен кет!

Тауды да халық мекендер,

Кесірің жұғар, Құлмамбет,

Қу пəлекет, әрмен кет! –

деп Жамбыл сөзін түйіндейді.

Құлмамбет қанатына оқ тиген жаралы құстай құлайды да, үнсіз қалады – айтыста Жамбылдан жеңіледі.

Міне, осы айтыстарының бəрінде де, Жамбылдың айтқыш ақындығынан басқа, сөзінің азаматтық сапасы да бөлек жатады. Өзге татымсызды мақтағыш, ел арманын арман етпейтін ақындардан иығы асып, өктем шығып отырады.

Құлмамбеттің байларын, Сарбастың жуандарын, Досмағанбеттің дін үгітін, Шашубайдың Байбұландай саудагерін, Бақия, Барлыбектей шенді төрешіктерін Жамбылдың кісі құрлы көрмегені сол.

Бар айтысында Жамбыл ел қорғаны болған азаматты арман етеді. Ел бағына туған ұлы азамат шықса ел көзіндегі жасты тыйса екен, қиял мекеніне жеткізсе екен, жаңа күн туса екен дегеннің арманы. Ол арманының екінші жағы, өз заманындағы байға, ұлыққа, қажы, молдаға, төре, тілмашқа, болыс, биге ызалы кекесін болу.

Жамбыл Жабаев шығармаларының ұлылық сипаты оның халықтық-ұлттық мəселелерді бірінші орынға қойып айта білуінде. Мəселен, Құлмамбет, Сарбас, Досмағанбет ақындармен айтысқанда ол ерлікті, елдікті биік қасиет өлшемі деп қарайды. Ақынның осы ойлары «Өтеген батыр» дастанында айшықты, əдемі айтылған.

Қорыта айтқанда, Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы, бұл Жамбыл ақындығының үлкен бір белеске шыққан тұсы. Жамбылдың ақын атын аспандатқан да осы айтыс болды. Өйткені, Құлмамбет Жетісу еліне аты ерте жайылған, айтысқан ақынды беттетпеген, ірі ақындардың бірі еді.

Жамбылдың айтыста Құлмамбетті жеңуі, оның халық алдындағы абырой, беделін, ақындық өнерін одан əрі асқақтата түсті.

Болатхан  САРБАСОВ,

филология ғылымдарының кандидаты.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments