Site icon ATAMEKEN

Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Орынбаева Мөлдір Орынтаевнаның 2026–2031 жылдарға арналған САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Ауданымыздың болашағы – сапалы білім мен саналы тәрбиені бойына сіңірген, заманауи технологияларды меңгерген, туған жерінің табиғатын қадірлеп, елдің ертеңі үшін жауапкершілікті сезінетін ұрпақтың қолында. Өркендеген қоғам қалыптастыру үшін білім беру сапасын арттырумен қатар, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мәдени құндылықтарды сақтау, жастардың бастамаларына қолдау көрсету және әрбір тұрғынға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру маңызды.

Әрбір баланың сапалы білім алуына, қабілеті мен қызығушылығына қарай дамуына мүмкіндік жасау – ортақ міндетіміз. Осы орайда білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыру, ұстаздардың еңбегін бағалау және ауылға келген жас мамандарға қолайлы жағдай жасау мәселелері әрдайым назарда болуы тиіс.

Ауданымыздағы әрбір елді мекеннің өзіндік ерекшелігі мен қажеттілігі бар. Сондықтан ауылдардың әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелердің шешілуіне бірдей көңіл бөлінуі қажет. Ешбір ауыл назардан тыс қалмай, әрбір тұрғынның ұсынысы мен өтініші ескерілгені маңызды.

Депутаттық қызметтегі басты мақсатым – халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың талап-тілектерін тиісті органдарға жеткізу және олардың шешілуіне ықпал ету. Әсіресе білім беру, балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуы, жастар саясаты, мәдениет және әлеуметтік мәселелерге басымдық беріп, осы бағыттардағы игі бастамалардың жүзеге асуына атсалысамын.

Тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу де қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Мектеп пен отбасының, ұстаз бен ата-ананың өзара байланысын нығайту, балалардың бойына жауапкершілік, еңбекқорлық және адамгершілік қасиеттерін сіңіру бағытындағы жұмыстарды қолдау қажет деп санаймын.

Халықпен тығыз байланыста болып, ел мүддесі жолында бірлесе еңбек ету арқылы туған ауданымызды білім мен мәдениеті дамыған, әлеуметтік мүмкіндіктері кеңейген, әрбір тұрғыны үшін қолайлы әрі қауіпсіз өңірге айналдыруға үлес қосу – менің азаматтық мақсатым.

МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

Әр тұрғынға әділ қарау, әр ауылдың жағдайы мен қажеттілігін ескеру – негізгі ұстанымым. Адал еңбекті қадірлеп, берген уәдеме берік болуды және атқарған ісіме жауапкершілікпен қарауды басты қағида санаймын.

Халықпен ашық сөйлесіп, тұрғындардың мүддесін қорғау, олардың ұсыныстары мен сын-пікірлерін тыңдау – депутаттық қызметтің маңызды бөлігі. Әрбір азаматтың өтінішіне бейжай қарамай, көтерілген мәселенің мән-жайын зерделеп, шешу жолдарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе қарастыруға күш саламын.

Мен үшін халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Сондықтан тұрғындармен тұрақты байланыста болып, атқарылған жұмыстар туралы ашық ақпарат беруді, ортақ мәселелерді бірлесе талқылауды және ел игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауды маңызды санаймын.

«Ауыл – мемлекеттің негізі»

ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!

Құрметпен,
Мөлдір Орынбаева

ӨМІРБАЯНЫ

Мен, Орынбаева Мөлдір Орынтаевна, 1984 жылғы 12 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Төрткүл ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында тұрамын.

2010 жылы Шымкент қаласындағы Халықтар достығы халықаралық университетін тәмамдадым. Еңбек жолымды білім беру саласымен байланыстырып, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Т. Рысқұлов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі, педагог-модератор болып қызмет атқарып келемін.

Педагогикалық қызметім барысында жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді, олардың бойында ел тарихына құрмет, отансүйгіштік, адамгершілік және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды басты міндетім деп білемін. Тарих пәнін оқыту арқылы оқушылардың тарихи танымын кеңейтуге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және өткеннен тағылым алуға бағытталған жұмыстарға ерекше көңіл бөлемін.

Кәсіби қызметімде еңбекқорлыққа, жоғары жауапкершілікке, ұжыммен бірлесе жұмыс істеуге және туындаған мәселелерді тиімді шешуге басымдық беремін. Адамдармен тіл табысып, ортақ мақсатқа жұмылу, әрбір іске ұқыптылықпен қарау – өмірлік әрі кәсіби ұстанымым.

Қарақастек ауылының қоғамдық өміріне тұрақты түрде белсене қатысып, туған өлкенің дамуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіп келемін.

Туған жерімнің өсіп-өркендеуіне үлес қосу, білім беру сапасын арттыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке және салауатты өмір салтына тәрбиелеу, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыру – менің басты азаматтық мақсаттарымның бірі.

2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

1. ТИІМДІ ИНСТИТУТТАР ЖӘНЕ ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС

Халықпен ашық диалог орнату. Тұрғындармен тұрақты кездесулер мен қоғамдық қабылдаулар өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін тыңдау. Әрбір елді мекеннің өзекті мәселелерін зерделеп, тұрғындар көтерген сұрақтардың шешілуіне ықпал ету.

Азаматтардың мүддесін қорғау. Тұрғындардың арыз-шағымдары мен бастамаларын тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, олардың заң аясында қаралуына және нақты шешім қабылдануына депутаттық деңгейде ықпал ету. Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың мәселелерін назарда ұстау.

Депутаттық есептілікті қамтамасыз ету. Сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттемелердің орындалу барысын тұрақты бақылап, атқарылған жұмыстар мен көтерілген мәселелер туралы тұрғындарға ашық түрде есеп беріп отыру.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс. Ауыл тұрғындарын толғандырған әлеуметтік, білім беру және инфрақұрылымдық мәселелерді тиісті мекемелермен бірлесе қарастырып, олардың шешілуіне атсалысу.

Қоғамдық пікірді ескеру. Ауылдың дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылау кезінде тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлеріне басымдық беру. Қоғамдық бастамалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту.

2. БІЛІМ ЖӘНЕ БАЛАЛАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту. Ауыл мектептері мен балабақшалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесін көтеру. Оқу кабинеттерін заманауи құрал-жабдықтармен, интерактивті тақталармен, компьютерлік техникамен және қажетті оқу материалдарымен қамтамасыз етуге ықпал ету.

Мектептердің білім сапасын арттыру. Оқушылардың сапалы білім алуына, пәндерді терең меңгеруіне және қабілеттерін дамытуына қолайлы жағдай жасау мәселелерін назарда ұстау. Білім беру ұйымдарында заманауи оқыту әдістерін, цифрлық технологияларды және қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсету.

Ұстаздар мен жас мамандарды қолдау. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруына, тәжірибе алмасуына және шығармашылық ізденісіне мүмкіндік жасауға ықпал ету. Ауылдық жерлерге келген жас мамандардың тұрақтап жұмыс істеуіне қажетті әлеуметтік және кәсіби жағдайларды жақсарту мәселесін депутаттық деңгейде көтеру.

Білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау. Мектептер мен балабақшаларда жүргізілетін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуына, бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына және жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуына қоғамдық және депутаттық бақылау жүргізу.

Инклюзивті білім беруді дамыту. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сапалы білім алуына, білім беру ұйымдарында еркін қозғалуына және қоғамдық ортаға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау мәселелерін көтеру. Мұндай балалармен жұмыс істейтін мамандарды қолдау және қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге ықпал ету.

Балалардың қосымша білім алу мүмкіндігін кеңейту. Оқушылардың қызығушылығы мен қабілетіне қарай шығармашылық, зияткерлік, техникалық және спорттық үйірмелерге қатысуына жағдай жасау. Ауылдық жерлерде қосымша білім беру орталықтарының қолжетімділігін арттыруға атсалысу.

Оқушылардың тарихи танымы мен отансүйгіштік тәрбиесін қалыптастыру. Өлкетану, тарихи-танымдық кездесулер, музейлерге саяхат және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін іс-шараларды қолдау. Жас ұрпақтың туған жер тарихын танып, ел мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарауына ықпал ету.

3. МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ЖАСТАР БАСТАМАЛАРЫ

Ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейту. Жастардың сапалы білім алуына, кәсіби бағдарлануына, шығармашылықпен айналысуына және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуына қолдау көрсету. Олардың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жобалар мен бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеру.

Мәдени іс-шараларды дамыту. Ауылдарда мәдени-көпшілік шаралардың, әдеби кештердің, шығармашылық кездесулер мен байқаулардың тұрақты ұйымдастырылуына ықпал ету. Жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың еңбегін насихаттап, олардың мәдени өмірге белсенді араласуына қолдау көрсету.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Кітапханалардың қоғамдағы рөлін арттыру, оқырмандар санын көбейту, балалар мен жастар арасында кітап оқуды насихаттау бағытындағы бастамаларды қолдау. Әдеби кездесулер, кітап көрмелері мен танымдық іс-шаралардың өткізілуіне атсалысу.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және рухани мұрасын жас ұрпаққа танытуға бағытталған жобаларды қолдау. Ұлттық тәрбие мен тарихи сананы қалыптастыруға арналған мәдени және танымдық іс-шаралардың дамуына ықпал ету.

Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру. Еріктілік қозғалысын, қайырымдылық шараларын және қоғамдық бастамаларды қолдау. Жастардың ауыл өміріне араласуына, әлеуметтік жобаларға қатысуына және өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасау мәселесін назарда ұстау.

Бұқаралық спортты дамыту. Балалар мен жастардың спорт секцияларына қатысу мүмкіндігін кеңейту, спорттық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру және ауылдарда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау. Спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шаралардың ұйымдастырылуына атсалысу.

Салауатты өмір салтын насихаттау. Жас ұрпақты дене шынықтыруға, спортпен жүйелі айналысуға және денсаулықты күтуге баулитын жұмыстарды қолдау. Мектептерде, мәдениет және спорт ұйымдарында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралардың көбеюіне ықпал ету.

4. ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ

Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін назарда ұстау. Көпбалалы отбасылардың, аз қамтылған азаматтардың, зейнеткерлер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың өтініштерін назарға алып, олардың мәселелерін тиісті мекемелермен бірлесе қарастыру.

Ауыл инфрақұрылымын жақсарту. Елді мекендердегі жол, жарықтандыру, ауызсу және қоғамдық орындарды абаттандыру мәселелерін тұрғындармен бірлесе зерделеп, олардың шешілуіне депутаттық деңгейде ықпал ету.

Жастарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету. Жас мамандардың еңбек нарығында өз орнын табуына, кәсіптік білім алуына және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпаратқа қол жеткізуіне жағдай жасау бағытындағы бастамаларды қолдау.

Қоғамдық бірлік пен өзара көмекті нығайту. Ауыл тұрғындары арасында ынтымақтастықты, өзара құрмет пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету. Қайырымдылық пен еріктілік мәдениетін дамытуға атсалысу.


СІЗДЕРДІҢ ПІКІРЛЕРІҢІЗ – МЕНІҢ БАҒДАРЫМА НЕГІЗ!
СЕНІМДЕРІҢІЗДІ АДАЛ ЕҢБЕКПЕН АҚТАЙМЫН!
ӘР ШЕШІМІМ – ТУҒАН ЖЕРДІҢ ИГІЛІГІ ҮШІН!

Үгіт материалды шығарған ұйым: «Жамбыл Атамекен» ЖШС,  Алматы   облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы.  Тапсырыс беруші: Орынбаева Молдир Орынтаевна Жамбыл ауданының мәслихат депутаттығына  кандидат. Материалдар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды.

Exit mobile version