Site icon ATAMEKEN

Жамбыл ауданында жастардың қатысуымен тарихи ескерткіштер аумағын абаттандыру акциясы өтеді

2026 жылғы 11 тамызда Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Сұраншы батыр мен Саурық батыр ескерткіштерінің аумағын тазалау және абаттандыру бойынша жастардың қатысуымен акция ұйымдастырылады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұра нысандарына деген құрметті арттыру, ұлттық тарих пен тарихи тұлғалардың өнегелі жолын жас ұрпаққа насихаттау, жастардың бойында отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік және туған жерге деген сүйіспеншілік құндылықтарын қалыптастыру.

Акция барысында жастар, еріктілер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және аудан тұрғындары Сұраншы батыр мен Саурық батыр ескерткіштерінің аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, шөп шабу және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Іс-шараға жалпы 150-ге жуық адамның қатысуы күтілуде.

Сонымен қатар жастар арасында тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи тұлғалардың ел тарихындағы рөлін насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қатысушыларға Сұраншы батыр мен Саурық батырдың ерлік жолы, ел қорғаудағы тарихи орны және олардың өнегесінің бүгінгі ұрпақ үшін маңызы туралы ақпарат беріледі.

Аталған акция жастарды туған жердің тарихын құрметтеуге, тарихи ескерткіштерді сақтауға және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға үндейтін маңызды шаралардың бірі болмақ. Іс-шара аясында жастардың қоғамдық белсенділігін арттырумен қатар, аға буынның тарихи өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге және ұлттық тарихи жадты нығайтуға басымдық беріледі.

#ТазаҚазақстан #Жастар #ҰлттықҚұндылық #Отансүйгіштік #ТуғанЖер #ТарихиМұра

Exit mobile version