ATAMEKEN

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЖАҢА АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Наурыз мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданында тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысан – жаңа дәрігерлік амбулатория өз жұмысын бастады. Бұл – ауыл халқының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен және Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ол ауылдық денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Жаңа амбулатория «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Нысан құрылысына 299 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылды.

Бүгінде елді мекенде 3 мыңнан астам тұрғын бар. Заманауи талаптарға сай жабдықталған амбулатория тәулігіне 25 адамға дейін қабылдай алады. Бұл – бұрынғы ескі ғимаратта көрсетілген қызметпен салыстырғанда үлкен өзгеріс.

Жаңа медициналық нысан қажетті кабинеттермен, заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Бұл дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында аталған ұлттық жоба аясында 16 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда оның 11-і ел игілігіне берілді. Қалған нысандардың құрылысы жалғасуда.

Exit mobile version