Бүгін Жамбыл ауданына қарасты Шиен ауылында тұрғындар үшін маңызды екі әлеуметтік нысан – жаңа дәрігерлік амбулатория мен көпфункционалды мәдениет үйі салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Алдымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті. Жобаның жалпы құны 294 млн 67 мың теңгені құрайды. Амбулатория тәулігіне 25 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік береді. 
Бұған дейін ауыл тұрғындары медициналық қызметті 1976 жылы салынған ескі ғимаратта алып келген. Жаңа амбулатория заманауи медициналық кабинеттермен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге жол ашады. 
Сонымен қатар ауылда 150 орындық жаңа мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Нысан тек мәдениет үйі ретінде ғана емес, ауыл әкімдігі, спорт кешені және түрлі қоғамдық шараларға арналған кеңістіктері бар көпфункционалды ғимарат ретінде салынған. Ғимараттың жалпы ауданы 1774,94 шаршы метр. 
Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтап, көпшілікпен бірге жаңа нысандардың ашылуына куә болды.
Шара соңында жаңа мәдениет үйінде ауыл тұрғындарына арналған мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін паш етті.
Бұл жаңа нысандар ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.









