Четверг, 25 апреля, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылЖамбыл баба рухына тағзым етті

Жамбыл баба рухына тағзым етті

 

Іле Алатауының оңтүстік  батыс бөлігіндегі   Жамбыл ауданына қарасты       жыр алыбы Жамбыл бабаның ауылына барып қайттық.

«Болашақ тек жастардың қолында»  деген ұлағатты сөзді еске ала отырып, біздің Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу  университетінің  ұстаздары мен профессорлар қауымы, жас жеткіншектерді, яғни өз студенттеріне   тек білім нәрін беріп, білікті маман иесі атануына  себепші болып қана  қоймай,  сонымен қатар қазақтың бір туар азаматтары  мен өнер тұлғаларын, абыз, ақын  бабалардың өмір мектебін насихаттап  отыруды  өзіндік   мағыналы мақсаты деп санайтыны баршаға мәлім.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының  бір саласында  айтылғандай-  «Өткенімізді түгендемей, бүгініміз бүтінделмес» деген ұлағатты даналық сөзді бетке ұстап, ветеринария факультетінің өзім тәлімгерлік жасайтын топ студенттеріне қоса Агробиология факультеті студенттерін біріктіріп, Алатау бөктерінде орналасқан  Жамбыл ауданы Жамбыл ауылындағы  жыр алыбы Жамбыл бабаның мұражайын аралап қайттық.

               

 Негізгі мақсатымыз, жыр алыбы Жамбыл бабаның тұрған үйін, қара домбырасымен  қатар  көзі тірісінде  қолданған  жабдықтары мен  саймандарын, көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы тарих қойнауына саяхат жасау, өткенге үңілу, ғибадатын үйрену, тәліми жырларға құлақ қою еді

Сонымен мұражайдың  ауласына  бас сұғып, алғашқы табалдырығын аттағаннан-ақ жастардың көңіл-күйі өзгеріп,  бейне бір   естіген   аңыз- әпсаналарын, кинодан ғана көрген көріністерін   шынайы нұсқада,  өз  көзімен   көріп, түрліше  әсерге енгені байқалды.

 Мұражай қызметкері Ұлан Жармұханбетқызы бізді өте жоғары ілтипатпен, жылы шыраймен қарсы алды. Жыр алыбы Жамбылдың өмір тарихынан бастап  әрбір бөлмеге жеке тоқталып, мұқият баяндап, жас жеткіншектерімізге асықпай түсіндірді.

Әсіресе, мына бөлмедегі  күйші Дина Нұрпейісова  апамыздың   шерткен күйін  шынтағына жастығын жастап, жамбастап жатып, тыңдап отырған мүсінді  көргенде, бейне бір тірі Жамбыл бабаны көргендей әсерде болдық.    

                  

 «Жердің аты — тарихтың хаты» демекші  тарихи деректерге сүйенсек, атамекенге қазақ жеріне сұсты көздерін қадаған сыртқы жауларға қаншама  қаһарман  бабаларымыздың  елі-жері үшін әділетті  соғыс жүргізіп, ұрпағын сақтаған  Қарасай бабамен оның ерлік дәстүрін жалғаған  Өтеген, Райымбек, Ботпай, Сәмен,  Саурық, Сұраншы  секілді  батыр бабалар есімдері  бүгінгі ұрпақ үшін, рухы ұранға айналып, ұлы істерге  ұмтылдырғанын мақтанышпен айта аламыз.

Тарихшы болмасам да, ақсақалдардан естіген-білгендерім бар, батыр бабалар туралы деректерді жас жеткіншектеріме  насихаттадым.

 Мұражай артында жыр алыбының  зәулім  ескерткішін көріп, қасындағы композитор, күйші, ұлы тұлға Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне бас иіп тағзым етіп, мұсылмандық дәстүр бойынша, құран бағыштап, тұлғалар рухына тағзым етіп қайттық.

Әрине, келешек ұрпақтар бұрынғы өткен бабалар есімін естен шығармай дәріптеп, олардың еткен еңбегін, төккен терін, туындылары мен рухани мұраларын дәріптеп отырса – нұр үстіне нұр деген осы емес пе. 

 

 

Көшкімбаев Серік  Сейдімханұлы,

Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу Университеті Ветеринария факультеті

«Микробиология,вирусология және иммунология»

 кафедрасының аға оқытушысы

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments