Республикалық «Қызыл Қырғызстан» газетінің 1938 жылғы 18 апрельдегі санында Жамбылдың «Туған елім» деген толғауы мен «Қазақ елінің орденді ақыны Жамбылмен кездесу» атты көлемді мақала жарияланған. Сол мақалада: «Бұл отырыста біз таңғалған іс – Жамбыл қырғыз қомузын, оның күйін өте жақсы біледі екен. Ол атақты манасшы Тыныбекті көргенін, «Манасты» ондай ешкім айта алмайтынын айтты. Жəне Мұраталының күйін шертші деп ақындарға ұсыныс жасады. Əлімқұл бір күй шертіп болған соң, Жамбыл; мен қырғыздың күйін сағындым, «Қырдағы жүрген қырық арқар, атып алсам қайтесің?» деген күйді тартшы деп тағы бағыт берді.
1938 жылы Жамбыл мен Қырғызстан мəдениет қайраткерлерінің екі тəулікке созылған творчестволық кездесулері: екі елдің бауырластық, достық қатынастарын көрсететін мысал болса, екіншіден Жамбылдың «қырғыз күйлерін сағындым» деген бір ауыз сөзінің астарында қырғыз халқының қомузшылық, күйшілік өнеріне деген ұлы ақынның махаббаты мен сүйіспеншілігі бейнеленген.
Жамбылдың қырғыз күйлерін жоғары бағалауы тегіннен-тегін емес: ол – бала күнінен бастап, көзі жұмылғанша домбырадан бір елі ұзап əудем жер алыстап көрмеген.
Домбыраны қолыма,
Он жасымнан алғанмын.
Дəл жетпіске келгенше,
Күй тартудан танбадым, –
деген Жамбылдың өз өлеңі біздің пікірімізді растайды. «Жамбыл қазақ, қырғыз күйлерін көп білген, əрі асқан домбырашы болған», – дейді жазушы Сапарғали Бегалин.
Жамбылдың анасы Ұлданның жалайыр еліндегі нағашысы Қанадан керемет қобызшы болған. Сол Қанаданның қобызын бала Жамбыл көп тыңдаған, соған еліктеген.
Жамбылдың өскен ортасы ақындар мен əнші-күйшілердің қалың топтасқан жері болған. Мəселен, Іле мен Шу өзендерінің аралығында Жантаев Бекбатыр жəне Басшылбай, Күйшілбай деген даңқты күйшілер болған. Жас күнінде Жамбыл солардың күйін құмарта тыңдаған. Бұл Жамбылдың өнердегі алғашқы, бірінші бұлағы болса, сондай-ақ Жамбылдың домбырашы болуына зор ықпалын тигізген, екінші бастауы, ол – қырғыз күйшілерінің əсері.
Ұлы ақын Жамбылдың қырғызда өнерпаз достары өте көп. Соның бірі – Мұраталы Күреңкеев қобызшы. Оны қырғызша қомузшы, қыл-қияқшы дейді. 1960 жылы Фрунзе қаласында Балбай Алагушевтің «Мұраталы» деген шағын кітапшасы шыққан. Сонда былай дейді: «Мұраталы қырғыз жерінің жүрегі Ыстықкөл деп, көл айналасында көп жүрген. Сонда қазақтың атақты ақыны Жамбылмен дос болған. Одан талай қазақ елінің өлеңдері мен күйлерін үйреніп, екі ішекті домбыраны шерте білген. Бір туған қазақ ауылдарына досы Жамбылмен бірге барып, қырғыздың елдік күйлерін шертіп беріп, көңілдерін жұбатқан. Қазақ елінің əдет-ғұрып, салтымен танысқан, елінің тілін үйреніп, өлеңдерін, күйлерін домбырада сандуғашша сайратқан».
Қырғыз Ғылым академиясының қолжазба бөлімінде даңқты күйші Мұраталының Жамбылмен достығына арналған мынадай өлеңі бар.
Алтын менен күмісті,
Зергер үшін жаратқан.
Арқар менен құлжаны,
Мерген үшін жаратқан.
Жетпіс беске келген соң
Біз сияқты жорғаны,
Сендер үшін жаратқан, – дейді.
Мұраталының əкесі Күреңке де домбыраны тартқан, дін оқуынан бас тартқаны үшін жергілікті бай-манаптар, молдалар оны қудалаған, домбырасын сындыртқан. Соған қарамастан өзінің өнерін баласы Мұраталыға үйретеді. Мұраталының бірінші рет домбырашылық даңқы Бұғы мен Сарыбағыш рулары бас қосқан үлкен тойда танылады. Мұнда ол өз əкесін күйден жеңген Бұғы руының күйшісі Шыңғышбайды тізе бүктіріп, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болады.
Айта берсе, Мұраталының өмірі ұзақ əңгіме: ол 1916 жылы патшаның солдат алу тəртібінің қаталдығынан қашығырақ тұру үшін Тұрпанға ығысып барады, содан соң 1917 жылы Октябрь революциясының арқасында өзінің туған жері Қырғызстанға келеді. «Жеңіс» деген күйін шығарады. Оған қырғыз музыка мəдениетін биік шыңға көтергені үшін үкімет пен партия көркемөнерге қатынасты бірнеше атақтар береді. «Домбыраны адамша сөйлететін, қобыздың үнімен сурет салатын» Мұраталы Күреңкеев 1949 жылы Фрунзе қаласында қайтыс болған.
Жамбылдың атақ-даңқы отызыншы, қырқыншы жылдары дүниежүзінің барлық түкпірлеріне кең тараса да, ол ешуақытта асып-тасымаған, бір қалыпты өмір сүрген. Өзіне де, өзгеге де əділ болған. Соның бір мысалын осы Мұраталыға байланысты айтсақ та болады. Бірде ауыл қариялары жиналып отырып:
– Жəке, сіздің өлең сөзден жеңілген күніңіз болды ма? – деп сұрапты.
– Көптеген ақындармен, ақын қыздармен айтыстым, оларды жеңдім. Бірақ қырғыздың Мұраталы күйшісінен домбыра тартудан жеңіліп қалдым. Ол былай болған еді. Менің орта жастағы кезім, қырғыздардың Көкайрақ деген жайлауында қыз ұзату тойы болды, соған алыстан ат арытып, біз де бардық. Тойдың аты той: көк-жасыл қызыққа көз тоймайды. Бізді сыйлы қонақ деп, ортадағы сегіз қанат ақ үйге орналастырды. Қазақ, қырғыз бас қосқан жерде қарап отыра ма, ақындар өлең айтып, домбырашылар күй тартты. Ал мен сол салтанатты жиында баяғы замандарда қазақ пен қырғыз батырлары бірлесіп, шапқыншы қара қалмақтарға қарсы соғысқандықтарын суреттеп, қысқаша толғау айттым. Содан соң бидайық құстай біреу домбырамен «Қамбархан» деген тамаша күй тартты.
– Бұл кім? – деп қасымдағы біреуден сұрап едім:
– Қырғыздың атақты күйшісі Мұраталы, – деді. Мұраталыны бірінші көргенім сол еді.
Біз де қарап отырғанымыз жоқ, қызақыза өлеңді тастай беріп, Мұраталымен күй жарыстыруға шықтым. Шарт – біреу. Кім күйді көп тартса, сол жеңеді. Мен қатарынан 13 күй тарттым, ал Мұраталы 15 күй тартты. Сөйтіп, Мұраталы менен екі күй артық тартқандықтан:
– Мұраталы жол сенікі болды. Бұдан былай екеуміз дос болайық! – деп, орнымыздан тұрып, төс түйістіріп таныстық, – дейді Жамбыл.