Пятница, 29 марта, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылЖамбыл шығармашылығындағы әйел тақырыбы

Жамбыл шығармашылығындағы әйел тақырыбы

 

Жыр жампозы Жамбыл жайында айтылып та айтылмай да жатқан әңгіме көп. Кешегі сөздің бүлінбей, өзгермей жетуі шайырдың жанында отырып  аузынан шыққан сөзді жазып алғандар арқылы да, өз туындылары арқылы да ұрпаққа жеткені белгілі. Ақпа жырдың иесі өлең десе делебесі қозған Жамбылдың да кейде жас болғанын естен шығарып алып жатамыз. Тіпті, Жамбыл атамыздың жүрегі жүзге келгенде де сұлулыққа ынтық еді ғой деген сөзді іштей күбірлейсің. «Қарт ақын грузин қызына ғашық болыпты», Күләш Бәйсейітованы да жақсы көріпті» деген алыпқашпа әңгімелер көпшілік бар жерде айтылады. «Оның қандай сөкеттігі бар, ол жәй адам емес, ақын. Ақын болғанда қандай. Қазақты әлемге танытқан ұлы тұлға» деп, жыр алыбын қызғыштай қорғайтындар да баршылық. «Халық менің шын атым» деп өзі жырлағандай, ол елінен мәңгі көзжазбаған тұлға. Жаны да, жүрегі де халқымен бірге соққан шайыр. Солай бола тұра оның да да пенде екеніне мән беріп жатпайтынымыз қызық. Бүгінгі сөз – ХХ ғасырдың гомері атанған Жамбыл Жабаевтың қазіргі тілмен айтқанда, «бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген» нәзік жандылар, Аналар хақындағы жыр-дастандары туралы болмақ.

Халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының отыз кітаптан тұратын көптомдық таңдамалы шығармалар жинағы «Өнер» баспасынан жарық көргені есімізде. Ол бүкіл саналы ғұмырын тек ақиқатты жақтап өткізген қазақ батыры. 26-томнан тұратын шығармалар жинағы «Шежіре» деп аталады екен. Осы аталған кітапта: «…. Бәйдібекті қашан келсе де шынайы көңілмен, ақ жарқын жүзбен қарсы алып, одан бала көруді Жасағаннан жалбарына сұраумен болған, тілегі Тәңірінің құлағына жетіп, ол жыл сайын Бәйдібекке бір ұл сыйлайды. Сөйтіп он жеті құрсақ көтерген…. Бәйдібек балаларына енші бөлгенде даланың қалыптасқан заңын бұзып, өзінің жақсы көрген сұлу әйелінің балаларына үлесті ерекше мол беріп, Домалақ ененің балаларына қалған ақсақ-тоқсақ, кәрі құртаңын ғана еншілеген. Бәйдібек мұнымен қоймайды, Домалақ енені балаларымен бірге жұртқа қалдырып, өзі көшіп кетеді. Арада бес жыл өткенде баяғы Домалақ енеге қалдырған ақсақ-тоқсақ, кәрі құртаңнан өнген төрт түлік мал өріске сыймай көбейеді. Ал шалғай жайылымға кеткен Бәйдібектіңбар жиған-тергені жұтқа ұрынып, өзі жоқшылықта қайтыс болады. Мұны естіген Домалақ ене балаларын жұмсап, әкелерін арулап жерлеткізіп, ас бергізеді. Өзі қара жамылып, қалған ғұмырын аза тұтып өтпекке бел буады», – дейді. Бауыржан Момышұлының пікірін шынайы деп қабылдағанмен, басқа жазбаларда Домалақ ененің жалғыз ұлы болғаны айтылады. Ал енді оның анық-қанығына жету үшін үлкен ізденіс керек-ақ.

Жамбыл Жабаев қазақ әйелін шығармаға арқау ету арқылы өзі өмір сүрген қоғамның ащы шындығын жырлады және оның әйел баласына, яғни,  Анаға деген құрметі туындыларында ерекше көрініс тапқан. Әсіресе, жоғарыда айтқан «Домалақ ене» туралы  шығармасында Алты алашқа биік қасиетімен танылған Домалақ ененің маңдайының ашылып, жұлдызының жарықараған тұсын барлық шежірелер мен ескі құжаттар Бәйдібектің көкалалы көп жылқысының шашау шықпай жау қолынан аман-есен оралуымен байланыстырады. Сөз болған шежіреде Домалақ ененің жебеуімен құла айғыр кісінеп, жау шапқан жылқының бәрі қайтып келеді. Тарихта болған жағдайды білу бәріміздің міндетіміз. Расында да. Бүкіл қазақ бір ата, бір анадан тараған ғой. Олай болса, Домалақ ененің бүкіл тыныс-тіршілігін, өткен өмірін саралап, жан-жақты толық білген адам бұрындары қазақтың ажырамас ауызбірлігінің болғандығын, қазақ деген аузын ашса, көмекейі бүлкілдеп көрініп тұратын ақ көңіл, аңқылдаған халық екеніне көзі жетер еді. Осында атақты Төле бидің «Қудың берекесінің басы таудай, арты қылдай, момынның берекесінің басы тарыдай, арты таудай, момын болайық, ағайын, ата-бабамызға момындық жарасқан»  дегені еске түседі. Біздіңше осы бір теңдесі жоқ тәрбие атадан балаға ауысып, сонау Домалақ енеден бері қарай жалғасып жатуы да мүмкін ғой. Заңғар ақынның «Домалақ ене» туындысында Сары бәйбішенің сегіз ұлы болғанын, олардың жұқпалы аурудан емес, жау қолынан қазаға ұшырағанын бар жанымен тереңнен тербеп, толғайды. «Домалақ ене жайлы аңыз да, шежіре де мол. Солардың бәрі де ұлы адамның мейірімділігін, инабаттылығын, кісілігін, кішілігін, аса биік парасаттылығын жан-жақты суреттейді. Осы орайда біз шежіреге тоқталуды жөн көрдік. Көптеген ескі қолжазбалардың ішінен, әсіресе бізді өзіне қызықтыра түскен айтулы ақын, қаншама дастан мен қиссаны жеке-жеке кітап етіп шығарған. Қыз Жібекті жырлаған Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы. Осы Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының Қытай Халық Республикасынан шыққан «Қазақ шежіресі» (1990 ж.) атты кітабында Домалақ ене жайлы қызық дерек бар. Онда: «Бәйдібектен Жарықшақ туыпты. Тегінде Бәйдібек екі қатын алған екен. Үлкені Сары бәйбіше, кішісі Нұрила деп аталады. Нұрила домаланып жүретін толықтау адам болғандықтан «Домалақ ене» атаныпты. Сары бәйбіше тоғыз ұл туып, оның біреуі ғана үйленіп, одан бір қыз туған. Сол кезде тарапған тамақтағы жұқпалы  аурудан қалған ұлдарының бәрі шетінеп кеткен екен» делінген.

Жамбыл Жабаев Домалақ енені кемеліне келтіре жырлаған, бар жанымен емірене, елжірей толғаған. Халқымыз «Зер қадірін зергер біледі» демекші, Домалақ ене сияқты «Ел ырысы» атанған әулие адамды ақынның танып білуі де тегіннен тегін емес, әрине. Жамбыл атамыздың «Домалақ ене» атты бұл туындысы Сарбас ақынмен айтысу барысында туған әдемі тарихи дүние. Қарт жыраудың елдің, жердің, ата-бабаның түп тамырын, өте жетік білетіндігі де қызықтырады.

Жамбылдың Домалақ ененің қадір-қасиетін әр қырынан алып, барынша көркем суреттеуі кім кімді де таңқалдырады. Осы жыр дүлдүлінен жеткен шағын көрініс-құбылыстардан оның ұтымды ой орамдары, ең негізгісі адамдық, танымдық тәлім-тәрбиелік мұрат-міндеттері байқалады. Жамбыл ақынның дәл осы пікірін Қытай халық Республикасынан («қазақ шежіресі» 1990 жыл. Іле халық баспасы) жарық көрген мына бір мәлімет қуаттай түсетіндей. Онда былай делінген: «Бәйдібектің бәйбішесінен алты ұл туған екен. Сол кезде қалың жылқысын жау шауып, елінің шама-шарқы келмей қаша жөнеледі. Сонда Бәйдібек Домалақ енені жұртқа тастап кетеді. Жылқыны шапқан жау жұртта қалған Домалақ ененің  қосына бұрылыпты. Домалақ ене оларға «Ей, батырлар, маған малдың сілекейі үшін бір жылқы тастап кетпейсіңдер ме» деп талап қойған екен. Жортуылшылар: «Біз саған ұстап бере алмаймыз, қандай жылқы алсаң да өзің ұста» дейді. Домалақ ене басына асықпай  күндігін киіп, жүген, құрық түспеген бір құла айғырды алып қалады.   Жортуылшылар кеткен соң Бәйдібек алты баласымен артынан шауып келеді. Ескі жұртта қалған Домалақ ененің құла айғырды күнделеп байлап қойғанын көреді де, бұрылып кетеді. Домалақ ене оларға: «Мен жылқының ішіндегі туын ұстап алып қалдым. Әрісі жиырма күн, берісі он, он бес күн өткенде жылқының тағалы тайы қалмай барлығы қайтып келеді. Оған әуре болып бармай-ақ қойыңдар. Тілімді алмасаңдар өздерің жазымға ұшырайсыңдар» — дейді. Сары бәйбішенің балалары бұл сөзге көнбей, жылқының артынан қуа жөнелген екен.

         Әрине, қасиет киенің мөлдір бастауы Домалақ ененің өзінің бойында жатқаны әсте күдік тудырмайды. Қаншама ғасыр өтсе де мүрдесінің жоғалып кетпей сақталып келгені, атының ұмытылмай асқақтап тұруы адам сенгісіз ғажап құбылыс, кейінгі ұрпағының үлкен мақтанышы, бақыты. Жалпы, адам баласының шынайы арманы, артына жақсы ұрпақ қалдыру болса, бұл жағынан Бәйдібек пен Домалақ ене нағыз айы оңынан туған  жандар дер едік.

 

Жамбылдың Бұрымға ғашық болуы

Жамбылдың бозбала шағы дегенде көз алдымызға қазақтың басына бөркін баса киген қазақтың қара баласы елестейді. Әкесінің батасын алған Жамбыл домбырасын арқалай жүріп, ел аралап, той-жиындарда өнерімен ел көзіне түскен. Жамбылдың алғашқы махаббаты Бұрымға қосыла алмауы сол кездегі  шеңберден шыға алмаған ескішілдіктің бір көрінісі екені ақиқат. Қараңғы халықтың ұстанымы, өмір сүру салты, әдет-ғұрпынан асып кете алмаған талай жастың тағдырына балта шабылғаны тарихтан белгілі. Жамбыл да соның құрбанына айналды. Жамбыл жиырма жеті жасында Айқым еліндегі бір тойда  Бұрым сұлумен танысады. Талшыбықтай бұралған бойжеткен ажарымен ғана емес, ақындығымен де, әншілігімен де жүрегін бірден жаулайды. Жәудір көз, ақша маңдай, алма мойын арудың көркіне өнері, сөзіне ақылы сай екенін аңғарған ақын жігіт қайымдасып, жөн сұраса келе айтыстың қызығын сезімінің қызуымен қабыстыра термелей жөнеледі. Шайырдың сүйгеніне қосыла алмаған Жамбыл «Бұрымға» деген өлеңінде былай деп жырлайды:   

 «Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар,
Бір көріп, дидарыңды болдым іңкәр.
Көркің бар көрген адам таң қалғандай,
Шыққандай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.
Жасымнан жақсыларды жағаладым,
Алатау, Қаратауды араладым.
Қай тұсқа аттың басын тіресем де,
Өзіңнен басқа сұлу таба алмадым.
Жарқ еткен оқтан ұшқыр бота көзің,
Балқытар қорғасындай айтқан сөзің.
Сыртыңнан атыңды естіп жүруші едім,
Қаңбақтай жел аударған келді-ау кезім.
Айрылдым айжарықта Бұрымымнан, 
Азаптың кім құтылған құрығынан.
Жастықтың желігімен жүргенімде
Келмейтін Сырдың суы жұлығымнан.
Есімнен еш кетпейді қайран, Бұрым,
Мүшелі байланбаған ол бір құлын.
Қайтесің өткен істі еске салып,
Жүрегім қасіреттен жырым-жырым»,

 

 Албан-Бөлектің қызы Сара

Бұдан кейін Қарқара жайлауында өткен әдемі бір кеште Албан-Бөлек батырдың қызы Сара Жамбылдың жүрегіне шоқ салады. Сараны «Угәй угәй, әй, угәй» деп айтатын әдемі мақаммен салған әні Жамбылды ерекше әсерге бөлейді. Жамбыл Сарамен той-жиындарда кездесіп, айтысып жүреді.  Сара қыз да сырттай атына қанық, өзімен теңдес замандасының зерделі сөздеріне зейін қойып, ішкі сезімін тұспалмен жеткізген. Бірақ Сараны әкесі өзі сүймеген адамғатұрмысқа береді. Оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталады. Сара күйеуінің ұрып-соққанына шыдай алмай құсадан қайтыс болады.

Жамбыл мен Айкүміс

Жамбылдың Шапыраштыдан шыққан Айкүміс атты бойжеткенмен айтысын жақсы білеміз. Деректерге сүйенсек, жас шайырдың Айкүміске де бүйрегі бұрғаны айтылады. Бірақ қос ақынның ара қатынасы достықпен шектеледі.

Жамбылдың: «Әдейі ат терлетіп келдім тойға,

Айкүміс әуелден-ақ болждың ойда.

Әуірі басылмаған албырт едім,

Асығыс айтқаныма кінә қойма» дегеніне

Айкүміс:

         «Аптығып ә дегеннен амандаспай,

          Әдепті үйренбепсің Жамбыл жастай

Асылға арсыдағы қол жетпей ме,

Ақылмен қимылдасаң аспай-саспай» немесе

Жамбыл-ау, күйінесің неге сонша,

Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.

Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың,

Тұтқасы дүниенің сенде болса» деген әзіл аралас айтысын айтуға болады..

Жалпы, Жамбыл өзінің саналы ғұмырында нәзік жандыларды көп жырлаған. Оған ақынның айтыстары, арнау өлеңдері дәлел болса керек.

                                                                   Роза Сейілхан.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments