Site icon Атамекен

ЖАНАРДАҒЫ ЖАЛҚЫН НҰР

Уақыт шіркінде тоқтам болған ба, аптыға басқан адамдай көз алдымыздан алқын-жұлқын өтіп бара жатқан күндердің артынан айлар мен жылдар жылыстап жылжи береді екен. Күні кеше өзімізге кішкентай бір қарадомалақ бала көрінетін Жылбек те міне, елуді еңсерді дегенге сенер-сенбесімізді білмей, жадымыздың түкпірінде қатталып қалған естеліктерді сапыра саралап, сонау бір сексен тоғызыншы жылдың жазына қайта оралдық.

Əуелі назар аударған сəтте келбетіне көңіліміз толмаған. Шебер табиғат шаршап кеткен бір кезінде олпы-солпы мүсіндей салғандай көрінетін, ортадан сəл төмен бойы бар, шомбалдау келген қара баланың дегенмен адамға қарағанда аударылыптөңкеріліп тұратын алалау көзінде бір алау бар екені байқалғандай еді. Мынау бір ақын емес, типаж актер болатын-ақ жеткіншек екен-ау дегенбіз іштей. Иə, ішкі түйсігіміз алдамапты, қазір де біз үшін Жылбектің ақындығынан гөрі, рольге кірсе кез келген кейіпкердің бейнесін қиналмай сомдай беретін өнерпаздығы биік көрінеді де тұрады. Əттең шіркін, əу баста сол арнаға түсіп, арнайы білім алғанында, қазір сахна мен экранның көркі болар еді ол.

Жə, сонымен сексен тоғызыншы жылдың жазы. Үмбетəлінің музейінде қызметкерміз. Ақынның 100 жылдық мерейіне қауырт дайындалып жатқан кезіміз. Сол жылы көктемде шыр-пыр болып жүгіріп жүрген аяулы Надежда Андреевна Лушникова тəтеміз аудан мектептерін ерінбей аралап шығып, жиырма-отыз шəкіртке ен таққан. Сөйтіп, Жамбылдың ақындық мектебін ашқан. Бесінші мен оныншы кластың арасындағы өрендердің бəрі бір-бір домбырасын құшақтап келді бір күні музейге. Ұлы-қызы аралас. Бейне бір шүпірлеген балапан дерсіз. Əу бастан педагог емес пе, Надежданың парасатты пайымы бұлардың бойынан бір ұшқынды аңғарған сірə, бірін жыршы, бірін айтыскер ақын, енді біреуін термеші етіп шығармақ. Қайран жастықтың амбициясы басым болады ғой, отызға келсек те əлі албырт екенбіз-ай сол кезде біз де. «Тəтем де қызық, мыналардың қай жерінен ақындық көрді екен» деген бір астам сезіммен, өзіміз де бейне бір аспаннан түсе қалғандай, əлгілерді менсінбей қарсы алғанымыз есімізде. Біздікі құдды бір «Қыз Жібек» кинофильміндегі Бекежанның Төлегенге менсінбей көз тастап, «Сені де шақырып па?..» деп кекететін көрінісінің кері. Сөйтсек…

Сөйтсек, бұлардың арасында болашақта біздің де артымыздан талмай ілесетін небір жүйріктер бар екен ғой. Соны Күреңбай-Надежда тап басып таныпты. Осы күні Жылбек пен Ақанға қарап отырып, сол жылы Жамбылдың ақындық мектебін ашқан Надежда Андреевнаның ерен еңбегі өз жемісін бергенін көріп марқаямыз. Қайран да қайран сол бір мектептің кейін қолдауы келіспей тоқырағанын, өзегі өлеңнен жаралған өрнекті өлкеміздің өзінде өміршең бола алмағанын ойлағанда шынтағымызға тісіміз жетпей қынжыламыз.

Ал енді Жылбек осы мектепке жеткенше қалай өсіп еді деген сұрақ туатыны да заңды. Бұл ауданның жұрты жақсы біледі, Үңгіртас пен Шиеннің ортасында Көкқайнар деген шағын ауыл бар. «Көксерек» кинофильміндегі атақты Құрмаш – Қамбар Уəлиевтің туған жері. Ұлы Отан соғысының ардагері, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының білгір ұйымдастырушысы Амалбек Бейсебаевтың алқалауымен дəуірлеген, кезінде күллі Одаққа мəлім болған «Қастек» асыл тұқымды қой зауытының бөлімше орталығы саналатын, қаймағы бұзылмаған қазақы орта. Сол ауылда Бəшек пен Назымханның отбасында он баланың сегізіншісі болып дүние есігін ашқан Жылбек сегізжылдық мектепті тамамдаған соң, əлбетте, орта білім алу үшін он бес шақырым жердегі Үңгіртасқа барған. Кузовы брезентпен қаусырмаланған жүк машинасының үстіндегі тақтайдан бірде орын тисе, бірде тимейтін. Ол шіркінің де бірде келсе, бірде сынып қалатын. Сондай кезде кейде автобусқа мініп, кейде төтелей жаяу тартқан кездері, екі ауылдың арасында екі жыл сабылған оқушылық жарқын дəурені қалай ұмытылсын.

 1989 жылы көктемде, оныншы сыныпта оқып жүрген кезінде мектепке бірде ақын апалары Қанипа Бұғыбаева мен Қызжібек Жарқынбаева келе қалады. Ондағы мақсаты – Жамбылдың ақындық мектебіне лайықты шəкірт іріктеу екен. Бұл болса Жамбылдың ақындарға арнаған термесін білетін. Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында жаттаған. Соны айтып шығады. «О, міне! Ақындық мектепке жарап тұр екен» дейді апалары. Сөйтіп, Ұзынағашқа жол тартады біздің Жылкен.

Иə, Жамбылдың бұл термесіне жеткенше де біраз шыңдалуы керек еді ғой. Ізденген. Шыңдалған. Алтыншы сыныпта жүргенінде домбыраға құмартқаны бар. Өйткені Сансызбай жездесі (əкесінің қарындасы Нұрғайшаның күйеуі) сияқты домбыраның құлағында ойнағысы келген. Үйрет деген. Үлкендер де бейқам ғой кейде, баланың қайбір тілегіне құлақ аса береді, бір-екі рет көрсеткен болып қойған. Одан кейін өзі іліп əкеткені есте. Ең алғаш тартқаны Нұрғиса Тілендиевтің «Əке жыры». «Жас едім, өмірге еркін бойламаған…» Ыңылдап əндетіп, тыңқылдатып тартып жүріп домбыраға тез төселгені тегін емес шығар, тектен де бірдеме дарығаны сонда байқалған. Өйткені атасы Ысқақ ақын адам екен.

Бір қызығы, Үңгіртаста музыка пəнінен дəріс берген, өзі сырнай тартатын мұғалімі Назгүл Омарғалиева да мұның бойындағы актерлік талантты тым ерте таныған көрінеді. (Жоғарыдағы біз сияқты деп қояйықшы осы жерде.) Жоғарғы сыныптарда жүргенінде сахнаға тартыпты. Мектептегі ұстаздары да Шымкенттегі мəдениет институтына баруға ұсыныс білдіріпті. Ал енді Жылбек Алматыдағы театр жəне кино саңлағы Тұңғышбай Жаманқұловтың класына актерлік шеберлік сынағынан өтсе болды қабылданып-ақ тұрған жерінен кері бұрылады. Өйткені кластас досы Ермек Аманбеков мұның алдындағы сынақтан сүрінген соң КазПИ-дің музыка факультетіне бірге барайық дегеніне көне кетеді бұл. Екеуінің таңдауы тағы ауысып, филфакқа барады. Құлайды. Балалық-ай, десеңші!

Қойшы, содан екеуі де оқудан тауы шағылып ауылға қайтқан соң Ермек əскерге кетуге қамданады, бұл үш айлық шоферлік курстан өтпек болып Ұзынағаштағы училищеге түседі. Мұнда да алдынан жақсы адамдар шығады. Сол жылы ауданда алғаш құрылған «Қазақ тілі» қоғамының училищедегі бөліміне жетекшілік еткен Сəбит Алдабергенов пен училище директоры Жұмаділ Шаяхметов жас жігіттің бойындағы қабілетті қуаттайды. Мұны болашақта өздеріне ізбасар еткісі келіп, инженер-педагог мамандығына бейімдейтін Қазақ Ауыл шаруашылығы институтына жолдама береді.

Алайда, алдында тұрған сан тарау жолдың қайсысы мақсатына жеткізетінін біле алмай дағдарған Жылбек осы арада бір кезде өзі алдынан өткен ұстазы Надежда Лушникованың ақылына жүгінеді. «Тұра тұр, – дейді тəтесі, – Сен темір-терсектің адамы емессің. Болашақта өнердің өрінен көрінетін жігітсің. Мен ертең мына аяғымды майлап алып шығайын. Барамыз, баратын жерге».

Барады, расында. КазГУ-ге. Журналистика факультетіне. Сырттай оқытатын бөлімнің деканы Марат Кəрібайұлы Барманқұловтың тура өзіне. Таныстырады. Қажетті құжаттарын тапсырады. Шығармашылық сынақтан, басқа да емтихандардан өзі ел қатарлы өтіп, студент атанады. Бұл енді 1990 жылдың сентябрі. Тура сол тұстан бастап Үмбетəлінің музейіне қызметке қабылданады. Содан 2006 жылға дейінгі аттай он алты жылы Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдың ең сүйікті шəкірттерінің бірі Үмбетəлі Кəрібаев музей-үйінің меңгерушісі Надежда Андреевнаның қасында өткенін өзіміз көрдік. Ардақты Надя тəтеміз өнерде де, өмірде де Жылбектің шынайы қамқоршысы, тəлімгер ұстазы, тірек сүйеніші болды. Осы жылдар аралығында Жылбек ініміз өнерге кең құлаш сермеді. Айтысқа да түсті, жыршы-термеші ретінде небір аламан бəйгелердің алдынан көрінді, сазгерлік қабілеті ашылып шартарапты əнге бөледі, алғыр асаба ретінде тойдуманның сəніне айналды.

Музейде экскурсовод, қор сақтаушы, ғылыми қызметкер санатында сатылап өсті. Осы кезеңде Үмбетəлі ақынның əдеби мұрасын жинақтауға, «Сүйінбай мен Қатаған», «Құлмамбет пен Жамбыл», «Үмбетəлі мен Нұрила» сынды қазақ əдебиетіндегі ең жауһар айтыстарды радио, телевидение арқылы насихаттауға, Жамбылдың айналасындағы ақындардың ардақты есімін жаңғыртуға, өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдары жазықсыз жазаланып ерте үзілген дарынды ақын Қырбай сал Бозымбекұлының дерегін жинақтауға, Қазақстанның халық ақыны Əсімхан Қосбасаровтың өзіндік мақамын байытуға айтарлықтай үлес қосты.

 2006-2008 жылдары Жамбыл аудандық мəдениет үйінің директоры, 2008-2015 жылдары Қарасай аудандық мəдениет үйінің директоры қызметінде жүрген кезінде де Жылбек Тоқтасынов басшылық-ұйымдастырушылық қабілетін жарқырата танытты. Аудандық, облыстық деңгейде ұйымдастырылған əртүрлі мəдени іс-шаралардың аясында шыңдалып өсті, небір мəртебелі билік өкілдерінің алдында абдырамай адымдады, адамтану мектебінің сынағынан да сүрінбей өтті.

Елуден аса əн шығарған танымал композитор Жылбек Бəшекұлының «Ұзынағаш вальсі», «Жан сырым», «Қара сырнай», «Таңдағы ой» сынды сыршыл əуендерінің өзіндік бəсі биік. Ал енді ел мен жерге деген іңкəр көңілден туындаған «Ұлы дала – Таңбалы», «Көкқайнар», «Үмбетəлі», «Мəтібұлақ», «Ақтерегім», «Қастекке кел», «Бесмойнағым» атты т.б. шығармалары да бүгінде өнерсүйер қауымның сүйсіне шырқайтын əні десек, асыра сілтегендік емес.

 Домбырасын айнымас серік еткен өнерпаздың жыршы-термешілігі туралы жоғарыда бір айтып өткенбіз. Сол сияқты оның əрбір айтыстың шығу тарихына тоқтала отырып, кезіндегі ақындардың мақамын нақыштай айтатын əуезді өнері, тыңдаушының танымын байыта сипаттайтын нəрлі əңгімесі, қазақы мəнерлі дыбыс реңкін сақтай сөйлейтін актерлік шеберлігі, ауыз əдебиетінің бай мұрасын айнытпай жеткізуге деген адалдығы, шіркін, өзінен кейінгілерге де өнеге болсашы деп тамсанатынымызды несіне жасырамыз.

Біздің Жылбек ініміз бүгінде айнала жұрт мойындаған нағыз дарын иесі. Елеулі биігі саналатын елуіне мол қазына арқалап жетті. Астарлы ойын тереңнен толғайтын ақын, көңіл тербететін көрікті əндер туындатқан сазгер, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны насихаттаушы жыршы-термеші ретіндегі табысы соның дəлелі. Шығармашылық жетістіктері орынды бағаланған ол Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы түркі халықтарының əдеби жəне мəдени байланыстарын нығайтуға қосқан үлесі үшін арнайы белгіленген «Тоқтоғұл Сатылғанов – 150» мерекелік медалінің иегері, «Қазақстан Республикасы мəдениет саласының үздігі» атанды, өткен жылы Қазақстандық салалық мəдениет, спорт, туризм жəне ақпарат қызметкерлерінің кəсіптік одағы белгілеген «Еңбек Даңқы» медалімен наградталды.

Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат 2015 жылғы сəуір айынан бері «Таңбалы» қорық музейінде жауапты қызмет атқарады. Жан жары Бағлан Əбдіуақасқызы екеуі Бақытбек, Мөлдір, Махаббат, Марал, Маржан, Жансая сынды алты баласын аялап өсіріп, мəпелеп тəрбиелеп, өмір өрісін ұзартсақ деген əкелік-аналық тілекте жүргені де зор ғанибет.

Қазақтың қай қабиласында болсын дидарлы дарын күнде туа бермейді. Ал енді біздің қасиетті өлкеде ұлы Сүйінбай мен Жамбылдың, Үмбетəлінің жырымен сусындап өскен талапты жастардың арасынан суырылып шыққан Жылбектей жампоздың орны бөлек. Оның қаншалықты қабілетті екенін жанарына байыптай үңілген адам жіті аңғарады. Қазақы болмыстың тереңдігі, парасаты, мұңы, əзілге бейім ойнақылығы, бəрі-бəрі осы көзде тұнып тұр.

«Бейбарыс сұлтан» кинофильміндегі Нұрмұхан Жантөриннің «сығырайған көзі», экранда үндемей тұратын бейнесі оның ешқашан қайталанбайтын дара тұлғасын əйгілеп тұратыны бар емес пе. Жылбек те сол сияқты, оның аударыла-төңкеріле қарайтын аласы молдау көзінде бір алау бар. Ендеше оның көкірегіндегі алау оты ешқашан сөнбесе екен, жанардағы жалқын нұры, өн бойына табиғаты сыйға тартқан өнері алаулап жана берсе екен деген ағалық ақ тілектеміз біз əрдайым. Өрістей бер, айналайын, Жылбекжан! Жамбыл бабаңның жасына жет.

Рəтбек САҒИД-УАҺАС.

Exit mobile version