Понедельник, 23 февраля, 2026
Басты бетЖаңалықтарЖастардың психологиялық саулығын қорғау – ортақ міндет

Жастардың психологиялық саулығын қорғау – ортақ міндет

Алматы облысында суицидтің алдын алу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жалғасуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер бірқалыпты оң динамиканы көрсетті. Ересектер арасындағы суицид әрекеттері 0,3%-ға төмендеді. Бұл туралы Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева баспасөз-мәслихатында айтты.
Өңірде кәмелетке толмағандар арасында суицид жағдайы 6%-ға азайды. Ең маңызды жетістік – аяқталған суицид жағдайларының 3,4%-ға қысқаруы. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы көрсеткіштің 31,5%-ға төмендеуі – дер кезінде анықтау мен ерте араласу шараларының тиімділігін айқындайтын айқын нәтиже.

2026 жылдың басындағы деректер де оң өзгерістерді растайды: суицид әрекеттерінің жалпы саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға азайды. Кәмелетке толмағандар сегментінде 20%-ға төмендеу байқалады.
«Гендерлік талдау көрсеткендей, аяқталған суицид жағдайларының басым бөлігі 35–64 жас аралығындағы ер адамдарға тиесілі (83%). Ал суицид әрекеттері көбіне 18–24 жас аралығындағы жас әйелдер мен кәмелетке толмаған қыздар арасында тіркеледі. Бұл деректер нысаналы профилактикалық шараларды әр жас және гендерлік топтың ерекшеліктеріне бейімдеу қажеттігін көрсетеді»,-деді спикер.

Мамандар суицидтік мінез-құлыққа әсер ететін негізгі факторларды атап өтті. Олар:
• Отбасындағы зорлық-зомбылық;
• Алкогольді және психобелсенді заттарды жүйелі қолдану;
• Қаржылық қиындықтар, әсіресе отбасы асыраушысы ретіндегі ер адамдар үшін.
Кәмелетке толмағандар арасында негізгі себептер – отбасылық жанжалдар, тұлғааралық дағдарыстар, әлеуметтік желілердің теріс ықпалы, буллинг және ата-анамен сенімді қарым-қатынастың болмауы.
Осы факторларды ерте кезеңде анықтау мен кешенді қолдау тетіктерін енгізу – алдын алу жұмысының өзегі болып отыр.
Бүгінде облыста 2024–2026 жылдарға арналған аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі Жол картасы табысты іске асырылуда. Оның аясында барлық жас санаттары арасында буллингтің, лудоманияның, психобелсенді заттарды қолданудың және өзге де тәуекел мінез-құлықтардың алдын алу бойынша тұрақты ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments