12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай еліміздің өңірлерінде жастардың білімін, шығармашылығын, қоғамдық белсенділігін және кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бастамалар жас буынның қоғамдағы рөлін айқындап, олардың жаңа идеялары мен жобаларын қолдауға мүмкіндік берді.
Алматы облысында мерекеге орай 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған шамамен 20 мың жас қамтылды. Өңірде бүгінде 432 мыңнан астам жас бар, бұл облыс халқының шамамен 30 пайызын құрайды. Сондықтан жастарды қолдау – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі.
Мерекелік онкүндік аясында жастардың зияткерлік қабілетін дамытуға бағытталған «Ziatker» пікірсайыс форумы, «Abai Quiz» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Сонымен қатар жасанды интеллект тақырыбына арналған «Digital Pro» байқауының жеңімпаздары анықталып, белсенді жастарды қолдауға арналған «Umtylys» сыйлығы табысталды. Волонтерлердің басын қосқан «Volunteer Fest» слеті мен жастар көшбасшыларына арналған «Jas Qadam» форумы да мерекелік бағдарламаға енді.
Жастардың қоғамдық белсенділігін арттырумен қатар, олардың еңбекке араласуына және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына да ерекше көңіл бөлінуде. Халықаралық жастар күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданындағы «SAN Tyres Kazakhstan» кәсіпорнының жұмысшы жастарымен кездесті. Кәсіпорында 170-ке жуық адам еңбек етсе, олардың жартысынан астамы – жастар. Кездесу барысында жастарды жұмыспен қамту және кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері талқыланып, әкімдік пен компания арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Өңірде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған мүмкіндіктер де кеңейіп келеді. Соңғы жылдары бірнеше ауданда жастар ресурстық орталықтарының жаңа ғимараттары ашылып, Қонаев қаласында заманауи коворкинг-орталық іске қосылды. Облыста үш мыңнан астам белсенді ерікті қайырымдылық, экологиялық және қоғамдық бастамаларға тұрақты қатысып келеді.
Жастар күні Алматы қаласында да кең көлемде аталып өтті. ALMA LOVE 2026 фестивалі он күнге созылып, оған 20 мыңнан астам жас қатысты. Фестиваль бағдарламасына 50-ден астам мәдени, білім беру, спорттық, экологиялық және қоғамдық іс-шара енгізілді.
Жастардың білімге ұмтылысы, еңбекке араласуы, еріктілік пен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы – ел болашағы үшін маңызды. Бүгінгі жас буынның жаңа технологияларды меңгеруі, кәсіп бастауға ұмтылысы және қоғам өміріне белсенді араласуы Қазақстанның алдағы дамуында маңызды рөл атқарады.
Халықаралық жастар күні аясында өткен іс-шаралар да осыны көрсетті. Жастарға мүмкіндік беру – олардың бастамасын қолдаумен қатар, елдің ертеңіне инвестиция жасау деген сөз.

