Site icon ATAMEKEN

Жастар таңдауы – әділетті Қазақстан

15 наурыз – ел болашағы үшін маңызды күн. Бұл күні елімізде жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Ата Заң – мемлекетіміздің берік іргетасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Сондықтан бұл тарихи сәтке бейжай қарамай, белсенді қатысу – әрбір саналы азаматтың парызы деп білемін.

Мен – ауданның жас тұрғыны ретінде алдағы референдумды толық қолдаймын. Себебі Конституция – жай ғана заңдар жинағы емес, ол – біздің құқығымыз бен бостандығымыздың кепілі, қоғам дамуының бағытын айқындайтын басты құжат. Заман өзгеріп, уақыт алға жылжыған сайын мемлекет те жаңарып, дамып отыруы тиіс. Ал сол өзгерістердің негізі Ата Заңда көрініс табуы заңдылық.

Бүгінгі таңда жастар – елдің қозғаушы күші. Біз әділетті, ашық, заң үстемдігі орнаған мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Жаңа Конституция осы талаптарға жауап береді деп сенемін. Әсіресе, азаматтардың құқық-тарын қорғау, әлеуметтік әділдікті нығайту, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру бағытындағы бастамалар – болашақ ұрпақ үшін аса маңызды.

Референдум – халықтың тіке-лей таңдау жасауына мүмкіндік беретін демократиялық құрал. Бұл – әр азаматтың өз пікірін білдіріп, ел тағдырына ықпал етуіне берілген мүмкіндік. Сондықтан 15 наурыз күні барша аудан тұрғындарын сайлауға қатысуға шақырамын.

Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келеді? Балаларымызға қандай елді аманат етеміз? Бұл сұрақтардың жауабы – біздің бүгінгі таңдауымызға байланысты. Мен өз таңдауымды жасаймын және ел болашағы үшін маңызды шешімді қолдаймын.

Бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын!

Айтуған Жетебаев,

Абай атындағы ҚазҰПУ, О.Досбосынов

атындағы ақындар орталығының директоры.

Exit mobile version