Site icon ATAMEKEN

Жас балуандар жеңісі — тәрбие мен табандылықтың жемісі

Қазақ күресі — халқымыздың ұлттық рухын, қайсар мінезін және салт-дәстүрін дәріптейтін спорт түрі. Ол жас ұрпақты күш-жігерге ғана емес, тәртіпке, төзімділікке, адалдық пен адамгершілікке де баулиды.
Жақында 2011–2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәліп Бауыржан Таубалдыұлының жүлдесіне арналған республикалық турнир өтті.
Байрақты бәсекеде Қарғалы №4 орта мектебінің оқушылары лайықты өнер көрсетті. 42 келі салмақ дәрежесінде Серғазыұлы Жәнібек II орын иеленсе, 43 келі салмақ дәрежесінде Ерік Омар қарсыластарынан басым түсіп, I орынға қол жеткізді.
Жас спортшылардың бұл жетістігі — қажырлы дайындықтың, табандылықтың және спортқа деген сүйіспеншіліктің нәтижесі.
Спорт — жеңіске жетудің ғана емес, тұлға қалыптастырудың да мектебі. Күрес алаңында бала өз күшін сынап қана қоймай, жеңісті бағалауды, жеңілістен сабақ алуды, қарсыласын құрметтеуді және өз әрекетіне жауап беруді үйренеді.
Осындай қасиеттер жасөспірімнің бойында қалыптасса, ол болашақта елін сүйетін, жауапкершілігі жоғары, рухы мықты азамат болып өседі. Сондықтан балаларды спортқа баулу — салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, ұлттық тәрбие мен азаматтық құндылықтарды нығайтудың маңызды жолы.
Қарғалы ауылының жас балуандарына алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз! Жеңістеріңіз жалғасып, ел мақтанышына айнала беріңіздер!

Exit mobile version